Павлодар облысында шөптің бағасы екі есе қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында шөптің бағасы екі есе қымбаттады

25.07.2023

Павлодар облысында қыс басталмай жатып шөптің бағасы екі есе қымбаттады. Тоннасы 50 мың теңге қазір. Жұрт сай-саладан шабарға шөп таппай жүр. Себебі, биыл қуаңшылықтың кесірінен шабындықтың шаңы шығып жатыр. Ал, шалғы салатын алқаптардың өзі қайта қайта өртке оранып, шаруаны титықтатты. Малдың күйі кетіп барады деген ауыл халқы қыстан қайтіп шығамыз деп дағдарып отыр. Май ауданы, Саты ауылында 21 қожалық бар. Бәрі төрт түлікпен жан бағып отыр. Биылғы жаз шаруалар үшін оңай соқпай тұр. Аптап ыстықтың арты ақыры өртке ұласты. Бірнеше күннен бері шаруалар қызыл жалынды сөндіріп әлек. Көк тамыры қатайып, әне-міне шалғы саламыз-деп отырғанда өрт 2 мың гектар алқапты жайпап кетті.

Аманкелді Сұлтанов, шаруа:

Кеше 11-ші күн өртпен арпалысып, айқасқанымызға. Енді балалардың барлығы жан-жақтан күзетіп жатыр. Бір түтін шықса бірден бара. Енді қатты жанып бара жатса пожарныйларды шақырамыз. Қалған кішкентай, майда өртті өшіруді өзіміз үйреніп алдық ақырын-ақырын.

Бір ғана Май ауданы емес, бүкіл өңірдегі жағдай осы. Биыл қар ерте еріп, сәуір айының өзінде жер құрғап кетті. Қырда қырғыға ілігер қылтанақ жоқ. Оның үстіне Ертіс жылдағыдай жайлымағандықтан тоғай шалғыны да селдір. Салдарынан қазірдің өзінде шөптің бағасы былтырғыдан екі есеге қымбаттады.

Төлепберген Әубәкіров, шаруа:

Жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой. Қазір шабындықты бастадық. 3-5 центнер гектарынан шығып отыр. Шет жақтан сатып әкеліп малды асырамасақ, басқа амалын көріп отырған жоқпыз.

Әкімшілік жағдайды жақсы біледі. Сондықтан аймақ диқандарына бидай мен арпа сабағын үгіп тастамай, пішен қылып пайдалану үшін тұтас қалдыруға кеңес беріп жатыр. Екіншіден кіруге тыйым салынған орман алқаптарын шабуға рұқсат берілді.

Есентай Мүрсәлімов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Бұрын Ертіс суы жайлатын шабындықтарда гектарына 18 центнерден шөп жиналатын болса, қазір 7 центнерден түсіп жатыр. Ал қырда га-дан 1,5-2 центнер. Жаңбыр болмай бәрі күйіп кетті. Сондықтан шөп дайындауға арзан жанар-жағармай бөлінді.

Бұған дейін қуаңшылыққа байланысты аймақта төтенше жағдай жарияланатаныдығы айтылғанымен, бұл іс созбалаңға салынып кетті. Дегенмен, облыс әкімшілігі жергілікті бюджеттен малдың қысқы жем-азығын дайындауға 2 млрд. теңге бөлмек. Бұл қаржы фермерлер мен шаруа қожалықтарына субсидия ретінде беріледі.

Болат Аманбаев, тілші:

Яғни қаржылай көмек отарлап қой, табындап сиыр, үйірімен жылқы ұстап отырған шаруашылықтар мен фермерлерге беріледі. Ал қорасында 4-5 ірі қара мен ұсақ мал ұстап отырған қарапайым тұрғын қыстан қайтіп шығады. Шөптің бағасы күзде тағы көтерілсе, ауыл халқының қалтасына ауыр тиейін деп тұр.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу