Батыс Қазақстан облысында биыл үш ауыл таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында биыл үш ауыл таратылды

25.07.2023

Батыс Қазақстан облысында жойылудың алдында тұрған елу елді мекенге де Үкімет назар салса... Мұнда биыл үш ауыл таратылды. Ауылдарды сақтап қалу үшін облысқа қаржы бөлудің қалыптасқан стандартын өзгертіп, құрылыс нормативін қайта қарау керек. Құрсай ауылында 22 үй бар. Бастауыш сыныптарда тек үш бала қалған. Білім министрлігінің нормативі бойынша бала саны беске толмаса, мектеп жабылады.

Гүлсезім Беркінбаева, Құрсай ауылының тұрғыны:

Менің қызым биыл даярлық сыныпқа келейін деп отыр. Басқа жаққа барып оқуға қолайсыз болып тұр. Интернатқа жатқызуға әлі кішкентай. Баспана тағы да жоқ ол жақта. Сондықтан мына мектеп жабылмасын деп тілейміз.

Елді мекен аудан орталығы Жәнібектен 80 шақырым жерде орналасқан. Интернет байланысы нашар, суы кермек, жолы жеткізбейді. Сонда да тұрғындар аядай ауылдан көшкісі жоқ.

Серікқали Жұбанышев, Құрсай ауылының тұрғыны:

Бұрыннан тұрып жатқан адамдар. Әлі де отыра тұрғысы келеді. Азын-шоғын малмен айналысады. Биыл мал азығы да жоқ. Жерді киік қаптап кетті. Басып жатыр, шөпті жеп қойды. Жол мәселесі, қысқа қарай жауын-шашындарда қатынасу қиын.

Осындай ауылдарды сақтап қалу үшін, ең алдымен, әр министрлік бекіткен норматив ережелерін өзгерту керек дейді халық қалаулылары. Екіншіден, үкіметтен қаражат әр облысқа жан басына қарай емес, ауыл санына қарай бөлінгені жөн.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ауылдық жерлерде мәдениет үйінен бастап, барлық инфрақұрылым салынуы керек. Халықтың денсаулығына, біліміне, мәдениетіне қатысты барлық ғимараттар салынуы керек. Оларды ұстап тұру үшін адам санына деген принциппен қаражат бөлу жеткіліксіз әрі әділетсіз болады. Ауылдық елді мекен санына қарай бөлу маңызды.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

200 адамға жетпейтін елді мекенде ауыз су тартылмайды, 250 адамға толмайтын ауылда кең жолақты интернет қосылмайды, 2000 адамнан аз тұратын ауылдарда аурухана салынбайды, 41 бала болса, 9 сынып, одан аз болса, мектеп жабылады деген мәселе бар. Сондықтан стандарттау мәселесін қайтадан қарастыруымыз керек.

Облыста халық саны 50 адамнан төмен 50 елді мекен жойылу алдында тұр. Биыл үш ауыл таратылды. Өңірдегі 400-ден астам ауылдық елді мекеннің тек тең жартысының болашағы бар деп танылған.

Бибігүл Қонысбаева, облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы:

Егер ауылдық елді мекенде 200 адамнан аз тұрғындар болса, ол жерде орталықтандырылған су жүйесі емес, кешенді блок-модуль мен су тарату пункті болады. Жаңа жол картасы бойынша 50-ден 250-ге дейінгі тұрғыны бар ауылдық елді мекендер кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Соның ішінде біздің облысымыз бойынша 58 елді мекен еніп отыр.

Мектеп жабылса, ауыл да жойылады. Урбанизация мен ұлттық қауіпсіздік мәселесін ушықтырмас үшін ауылдарды сақтап қалу маңызды болып тұр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу