Премьер-Министр қаржыны игере алмай отырған облыс әкімдерін сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр қаржыны игере алмай отырған облыс әкімдерін сынға алды

25.07.2023

Бүгін премьер-министр «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына бөлінген қаржыны игере алмай отырған облыс әкімдерін сынға алды. Елдімекендерді көркейтуі тиіс жоба қалай іске асып жатыр? Бұл мәселе Үкіметте қаралды. 

Досжан Маратұлы, тілші:

Алдымен бағдарламаға тоқталайын. «Ауыл - ел бесігі» жобасына соңғы 3 жылда 326 миллиард теңге бөлінген. Бұл ақшаға су тартып, жол салу секілді 3,5 мыңнан астам жоба жүзеге асты. Биыл да 800 ауылды көркейту үшін қомақты қаржы бөлінген. Десе де кейбір өңір әкімдіктері сол қолда бар ақшаны уақытында игере алмай отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бөлінген қаржыны игеру серпіні Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жақсы. Алайда Алматы және Ұлытау облыстарында деңгей төмен. Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, тендерлерді уақытында өткізбеу, тиісті бақылаудың болмауы объектілерді енгізу мерзімдерінің бұзылуына әкеледі.

Мәселен, әкімдіктер істі созбалаңға салған соң Ұлытау облысында 4 ауылға қарасты аурухана әлі күнге дейін салынып бітпеген. Ал Солтүстік Қазақстандағы Мүсірепов ауданында небары 53 шақырым жолдың құрылысы былтыр аяқталуы керек еді. Алайда жұмыстың жартысы әлі аяқталған жоқ.

Досжан Маратұлы, тілші:

Үкімет басшысы мұндай жағдайға жол бермеу керек деді. Сондықтан әкімдіктерге қаржыны дер кезінде игеріп, шаруаны сапалы іске асыруды тапсырды.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу