Астана іргесіндегі қорым қалдық судың астында қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана іргесіндегі қорым қалдық судың астында қалуы мүмкін

24.07.2023

Ақмола облысында қорымды қорлауға жол бермеуді сұрайды

Астананың іргесіндегі ауыл халқы етжақындары жерленген зират толықтай жойылып кетеді ме деп алаңдап отыр. Себебі жоспар бойынша Шнет ауылындағы кәріз қалдырығы төгілетін қойма аумағы кеңейтіледі. Тұрғындардың айтуынша, бұл жоба жүзеге асса, қорымдардың барлығы қалдық судың астында қалуы мүмкін. Жергілікті халық халық бұған жол бермеуді сұрап отыр. Әріптесім Самал Қабышева ауылдағы ағайынмен жүздесіп қайтты.

Самал Қабышева, тілші:

Астананың кәріз қалдығы төгілетін қойма аумағы ұлғайтылатын болса мына зират түгелдей жойылып кетеді ме деп мұндағы халық алаңдап отыр. Себебі, бұл қорым орналасқан жер заңдастырылмаған дейді. Яғни, ешбір құжатта осы елді-мекенде зираттың бар екендігі көрсетілмегенін айтады.

Әбілхайыр Оразақұлы, Шнет ауылының тумасы:

Бұл жеті қорымның біреуі де заңдастырылмаған. Біз енді бес ғасыр тұрған ел дедік қой. Үш ұйықтасақ, түсімізге кірмеген. Бұл жерден көшеміз, туған жерімізді тастап кетеміз деген болмаған нәрсе.

Мейрам Уәхитұлы, Шнет ауылының тумасы:

2015 жылы Ағанас ауылын су басып, Шнет ауылын мына жерде іргеде тұрған Қарабидайық үлкен кәріз су қоймасы жиналатын жердің кесірінен, былайша айтқанда жаман иіс келіп, жер асты ауыз суы бұзылып, содан екі ауыл көшіп кетуге тура келді, бірақ біздің туып-өскен кіндік қанымыз тамған жерде біздің ата-балаларымыз, әке-шешелеріміз, бауырларымыз жатқан 7 қорым бар. Біздің қорымдарымыз жаман су астында қалмауды қарастырып, соған атсалыссаңыздар дейміз.

Самал Қабышева, тілші:

Камераның жағымсыз, мұңкіген иісті беретін, сездіретін құдіреті жоқ. Бірақ мына жағымсыз иіс жайлаған жерде 5 минут тұрудың өзі қиын. Дәл қазір біз Астананың кәріз қалдығы төгілетін қойма аумағында тұрмыз.

Жақия Жылқыбаев, Шнет ауылының тумасы:

Бұл жердің атауы Қарабидайық жинақтаушы қойма. Бұл жерде бұрын жазық дала болған. Мұның астында негізі бетон болуы керек еді. Ол бетон салынған жоқ. Соған қарамастан оған кәріз суы құйылып жатыр. Бұл табиғи апатқа әкеп соқтырады. Келешекте оның аумағы кеңісе бұл Астанаға өте қауіпті нәрсе болады. Себебі, бұл желдің өтінде тұр. Жерден шыққан иістің бәрі Астанаға барады.

Қайыр Төлеген, Шнет ауылының тумасы:

Қарабидайық жинақтаушы көлі деген бұл жобаның басынан қателіктері бар. Экологтар мен СЭС пен келісілмеген.Қаланың қалдық сулары труба арқылы Нұрадан өтеді. Нұра өзенінен ол трубадан оқыс жағдайлар болып, сол қалдық су өзенге құйылса, өзенге құйылды деген сөз Қорғалжын көліне қауіп төнді деген сөз. Бұл ЮНЕСКО тарапынан су шығуы мүмкін.

Яғни «Қарабидайық» жинақтаушы көліне қатысты проблема шаш етектен дейді, ауыл халқы. Мұның барлығын олар қағазға жиып, тиісті органға жеткізбекші. Ал Астана қаласының әкімдігі қорым қорланады деген халықты сабырға шақырды. Арнамызға жазбаша былай деп жауап берді. Қорымды қорлауға жол бермеуді сұраған ағайын жауапты мекемедегілер әр айтқан шағымды негізге алса деп тілеп отыр.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу