Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыс жыл сайын артып келеді. Былтыр 60 пайызға өскен. Екі жақ бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүдделі. Бұл туралы АҚШ-қа жұмыс сапарымен барған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ-тың Іскерлік кеңесінің жиыны өтті.
Америкалық Boeing, Google, Chevron сияқты компанияларының өкілдері мен іскер топ қатысқан жиында екі елдің бірлескен жобалары талқыланды. Өткен жылы АҚШ-тан тікелей инвестиция 82 процентке артқан. Министр Әлібек Қуантыров энергетика, ауылшаруашылығы, білім саласында әріптестікті жандандыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
АҚШ тарапы да инфрақұрылымдық жобаларға қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі дүниежүзілік банктің басшылығымен де кездесті.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Өте жақсы кездесу болды. Көп мәселелерді біз талқыладық. Дүниежүзілік банктің Қазақстанға әрі қарай инвестиция жасау, бірлескен жобаларды бірге жүзеге асыруға қызығушылығы бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, содан кейін Транскаспий мультимодалдық дәлізді дамыту.
Жалғас Сәдібекұлы