БҚО-да шаруалар киіктен келген шығынға өтемақы төлеуді талап етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да шаруалар киіктен келген шығынға өтемақы төлеуді талап етіп отыр

21.07.2023

Батыс Қазақстан облысында шаруалар киіктен келген шығынға өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Айтуларынша, 1 млн гектар егістік пен жайылым жерді түз жануары отап, таптап тастаған.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Шаруалар киіктен қорғану үшін электронды бақташы орнатқан. Бұған қоса егістіктің айналасын тікенек сыммен қоршап тастаған. Бірақ киік мұны бұйым көрмейді екен. Үйірімен келіп, нөпірмен үзіп өтеді. Болмағасын, қосымша қорған болсын деп айнала ор қазып тастаған.

Бейбіт Дауымов 200 га жерге арпа еккен. Алайда шығын шаш-етектен. Айтуынша, қуаңшылыққа киік қосылып, молынан өнім ала алмай отыр.

Бейбіт Дауымов, шаруа:

Жоқ дегенде 15 центнер алуым керек еді. Қазір 7-8 центнер алып отырмыз гектарына. Киіктен келген шығынды 40 % деп бағалап отырмын. 1,5 млн теңге кетті «электронды бақташыға». Биыл қосымша тікен сым алдым, 6 км сым 400 мыңға шықты. Күнннің де әсері бар ғой, жаңбыр жаумады, бірақ тапауы көп бізде киіктің.

Киік мәселесін министрлік пен мәжіліске тікелей жеткізіп жүрген шаруа Бауыржан Сабановтың егісі биыл тып-типыл. Биіктігі кісі бойындай боп өсетін судан шөбі 15 см-ден аспай қалған. Шығынды 18 млн теңгеге бағалап отыр.

Бауыржан Сабанов, шаруа:

Биыл 350 гектар ектік. Соның 250 гектарын киік тапап кетті. Мына жақты жағалап жүр қазір егістің ішінде. Қоршап үлгере алмай жатырмыз бәрін. Енді біз үкіметтен көмек сұрап отырмыз. Өтемақы берсін. Комиссия қарап, көріп кетті.

Киік егістіктен бөлек, 1 млн гектар жайылым жерді отап ,таптап кеткен. Ол аумақта 500 мыңнан аса ірі қара бар. Шаруалар сиыр басына 20 мың теңгеден төлеп, 10 млрд теңге субсидия берілсін деп талап қойып отыр. Қазір қолдарында киік санын реттеу туралы қаулының жобасы жүр. Оған сәйкес 15 қыркүйектен бастап киікті атып алуға немесе аулауға рұқсат берілуі мүмкін. Түз жануарын соңғы жиырма жылда жүз есеге көбейтіп, қорғап келген мекемеге енді оның санын шектеу міндеті жүктелуі мүмкін. Елде бөкеннің саны 2 млн 600 мыңға жуықтаған.

Марлен Айнабеков, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры:

Соңғы рет киіктің басын реттеу 1998 жылы болған. Екі әдісі бар, бірі - тормен торлау, кораловый метод дейді. Екіншісі, түнде ату. Киіктің дарағы атылғаннан кейін ет өндіруші комбинаттарға барады. Бұ жерде киіктің етін әлеуметтік ет деп жіберуге келісімге келіп жатыр. Бағасы - бір келісі 800 теңге деп.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі киікке өтемақы қарастырылмағанын айтады. Жануарды атуға рұқсат берілген жағдайда оның етін, терісі мен мүйізін өңдеуге бола ма жоқ па ол жағы беймәлім.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу