Садақшылар Бурабайда бас қосты. «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Мергендер мекені» тележобасының аясында 5 өңірден келген қатысушылар өзара мықтыны анықтады. Үздік шыққандар финалға жолдама алды. Бұл – Ұлттық арнаның жаңа телемаусымында жарыққа шығатын жаңа жобаларының бірі.
Тележобаға қатысуға 15 жастан асқан кез келген қазақстандыққа мүмкіндік берілді. Бурабай баурайындағы бұл сайыс іріктеудің соңғысы. Оған Астана қаласының және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан үміткерлер қатысты.
Жәнібек Қаһарман, қатысушы:
Өз балаларымды ұлым мен қызымды апарып, садақ атуға қатыстырып жүрмін. Негізі осы жас балалар соның бүкілін білу керек. Біз өзіміз кішкентай кезімізден ауылдан бастап үйрендік қой. Ал бұларға үлкен мүмкіндік болып тұр.
Іріктеудің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Сайыстың ережеге сай өтуін сақа мамандар мұқият бақылап отырды.
Диас Ахметов, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті:
Қазіргі таңда 500-ге жуық спортшы қатысып, садақ не екенін, қалай атылады екенін және бізде аталарымыздан қалған осындай керемет өнерді қайтып жаңғырып сезініп жатыр. Енді болашақта бұл теледидарға толығымен түсірілім бәрі шыққан кезде, спортшылардың қатары, садақ атуға деген қызығушылық одан әрі артады деген сенімдемін.
Сұлу табиғат. Қобалжыған қатысушылар. Қызу жұмыстағы шығармашылық топ. Басты мақсат - көрерменге қызықты, тартымды жоба ұсыну.
Тоғжан Құрманжанқызы, жоба продюсері:
Бір нысана арқылы анықтап жатырмыз іріктеуде. Әрі қарай жобаның нысанасы да күрделене бастайды, берілетін талаптар да күрделене бастайды. Жобаның ұйымдастырушылары бұл талаптарды құпия ұстап тұр. Жобаға қатысқанда ғана, сол күні, сол мезетте қана қандай нысанаға, қандай қашықтықта, қай жерде, қалай атылатыны белгілі болады.
Осымен республиканың барлық өңірлерін қамтыған іріктеу кезеңі аяқталды. Үздік шыққан 20 мерген Астанада өтетін гранд-финалда бақ сынайды. Тележоба осы күзде Ұлттық арнадан көрермендер назарына ұсынылмақ.
Ермек Елберген