Алматы облысында жүздеген үлескер үйіне кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жүздеген үлескер үйіне кіре алмай жүр

12.07.2023

Алматы облысында жүздеген үлескер үйіне кіре алмай жүр. Тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтап қалған. Бар қаржысын салып, баспаналы боламыз ба деген тұрғындар енді ақшасын қайтаруды талап етуде. Құрылыс компаниясының бас кеңсесін торуылдап жүргеніне жарты жылдан асқан тұрғындардың алды пәтер құнының 20 %-ын төлеп қойса, кейбірі барлық соманы аударып жіберген. Алайда уәделі уақытта жұмыс басталмады дейді. Енді компаниядан ақшаны толық қайтарып беруді талап етіп отыр.

Нұрсұлу Ибрайымова, салымшы:

Сенбейміз. Себебі, март айында естігеннен кейін келіп арыз жазған кезде «2 айдың ішінде арыздарыңызды қараймыз. Ақшаларыңды қайтарып береміз» деді. Одан бері 4 ай өтті. Біраз адамға маусым айының 15-іне дейін қайтарып береміз деп гарантийный письмо жазып берген. Оның бәрі өтірік.

Ғабит Нұрдаулетұлы, салымшы:

Қазір құрылыс жүріп жатқан жоқ. Соған қарай біз ақшамызды қайтаруымыз керек. Басқа ТҮК-ке салуымыз керек. Квартирада тұрамыз. Басқа кісілерде квартирада тұрады. Солар үйлерін алып, қоныстануы керек қой.

Осылайша қоныс тойына асыққан тұрғындардың қуанышы сейілген. Құрылыс басталған күннің өзінде 6-7 айға кешігіп жатыр дейді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Былтыр қазан айында құрылыс жұмыстары басталған тұрғын үй кешенінің қазіргі жағдайы осындай. Өздеріңіз көріп тұрғандай тек жертөле ғана қазылған. Әрбір жерде құрылыс материалдары шашылып жатыр. Ешбір жұмысшыны байқамадық. Биыл желтоқсан айында тапсырылуы тиіс екенін ескерсек, компания бұл мерзімге дейін үлгермейтіні анық.

Компания өкілінің сөзінше, былтыр қазан айында әкімдік құрылыс жүргізуге қажетті рұқсатты алып қойған. Биыл маусым айының басында қайта берген. Соның кесірінен жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр болдық дейді. Ал, салымшылардың ақшасын толық өтеп береміз деп уәде етті.

Нұрлан Жұмабеков, құрылыс компаниясының заңгері:

Қазір ақшаны қайтарамын деп жатқан 130-дай адам. Оның ішінде біз 40 адамға қайтардық. Қазір 180 млн теңгедей қарыз болып тұрмыз. 30 шілдеде банк бермесе біз өзіміздің қаражатымыздан, түсіп жатқан ақшадан береміз.

Салымшылар осы айдың соңына дейін күтуге келісті. Кезекті уәде орындалмаса, полицияға ұжымдық арыз түсіреміз деп тарқасты. Айта кетсек, биыл облыс бойынша 800 мың шаршы метрден аса тұрғын үй салу жоспарланған. Оның үштен бірі жеке құрылыс компанияларына тиесілі.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу