Елордада шығыс жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада шығыс жәрмеңкесі өтті

08.07.2023

Елордада шығыс жәрмеңкесі өтті. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер өз өнімін саудаға салуға мүмкіндік алған. Астананың мерейтойына орай ұйымдастырылған шара бірнеше күнге жалғасты.

Астанада өткен «Елорда базары» жәрмеңкесі шығыс базарынан аумайды. Шеберлер әкелген қолөнер бұйымдары мен әсем киімдер көздің жауын алады. Жалпы базар сатылатын тауар түріне қарай алты секцияға бөлінген. Мұнда ауыл-шаруашылығы өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністер де көп.

Бағлан Наурызбекова, кәсіпкер:

Осы төрт түлік малды алып келдік. Сиыр малы, жылқы малы және қой. Он тонна-он тоннадан бәрін алып келдік осы жерге. Әрине сонша жерден алып келгеннен кейін, жәрмеңке болғаннан кейін арзан қылып алып келдік. Халыққа тиімді деп ойлаймыз. Тиімді бағамен алып келдік.

Жәрмеңкеге 15 облыстан 250-ге жуық кәсіпкер келген. Қалалық әкімдік оларға базардан тегін орын ұсынды. Осылайша, саудагерлердің шығыны азайып, тұтынушыларға тиімді баға ұсынуға мүмкіндік пайда болды.

Мақсат Жаңабаев, Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Облыстар бізге өздерінің кәсіпкерлерін ұсынған болатын. Сол кәсіпкерлердің бағаларына қарап, олардың өндірушілеріне қарап. Көбінесе біз өндірушілерді шақырдық. Делдалсыз, тек өндірушілер келіп отыр. Сол үшін бағалардың бәрі қаладағы, нарықтағы бағалардан 10-15 пайыз жеңілдеу, арзандау.

Ерекше жәрмеңке Астана қаласының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. Елордалықтар 5-7 шілде күндері таңғы сағат тоғыздан, кешкі алтыға дейін жеңілдікпен сауда жасады.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу