Елімізде екі күнде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 600-ден астам шағым түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде екі күнде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 600-ден астам шағым түскен

03.07.2023

Елімізде небары екі күнде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 600-ден астам шағым түскен. Жәбірленушілердің басым бөлігі күйеулерінен таяқ жеген әйелдер. Осы уақытқа дейін бала-шағасына қол көтерген мұндай әкелер көп жағдайда жазадан сытылып кететін. Енді заң талаптары күшейтіліп, жазалаудың жаңа тетіктері енгізіліп отыр.

Бет жүзін көрсетпеуді өтінген Ләззат қазір өткен күнін қорқынышпен еске алады. Әрине, басында бәрі жақсы еді. Күйеуімен сүйіп қосылған, бірақ аяғы ауырлаған соң арада жанжал басталған.

Ләззат, жәбірленуші:

Үйден шығармай қойды. Ұра бастады, тұншықтыра бастады.Телефонымды сындырды. Барлық байланысты тартып алды, сатып жіберді. Өзімнің бизнесім болған оны да жауып тастадық.

Күйеуім ішімдік ішіп қана қоймай, есірткі шегетін дейді. Мұндай күндері Ләззат оңбай таяқ жейтін. Полицияға жүгінгенмен жазаланбады деп отыр. Қазір оңалтау орталығында. Осында босанып, барлығын басынан бастауға тырысып жүр.

Ләззат, жәбірленуші:

Барар жерім болмады. Әке-шешем қасымда жоқ. Қайтқан адамдар. Туыстарым да жоқ мында. Осы жерге звондап центрда тұрмын. Жұмыс істеп жағдайымды істеп жатырмын.

Ләззат сияқты тұрмыс тауқымен тартқан қыз-келіншектер көп. Статистика адам шошытады. Екі күннің өзінде полицейлерге 600-ден астам арыз түскен. Жапа шеккендер әйелдер мен балалар. Ал бір жарым жылда тұрмыстық зорлық зомбылықтан 300 адам көз жұмған. Қорғансызға қол көтергендер артып барады.

Сондықтан былтыр президент бала-шағасына қол көтергіштерге жазаны күшейтуді тапсырған. Соған сай әкімшілік кодекске өзгеріс енгізіліп, заң осы айдан бастап күшіне енді. Яғни бұдан былай полицейлер әйелін немесе баласын ұрған азаматтарды арыз,шағымсыз-ақ жазаға тарта алады. Өйткені көп жағдайда тәртіп сақшылары шақыртуға барғанымен, отбасы мүшелері татуласып, жәбірленуші арыз жазудан бас тартып жатады. Енді бұлай болмауы үшін шақыртуға барған полицей жағдайға өзі құқықтық баға береді, қажет деп тапса агрессорды бөлімшеге алып кетеді. Жазаны сот тағайындайды.

Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ ӘПК Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Сотта құқық бузушының жәбірленушімен татуласуға мүмкіндігі бар. Бірақ соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады. Яғни отбасылық жанжал жасаған дебошир бірінші рет жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда сот оларды татуластыруға енді заң бойынша құқығы жоқ.

Досжан Маратұлы, тілші:

Полицейлердің пайымдауынша мұндай тәсіл зорлық-зомбылықты азайтуы тиіс. Өйткені бұған дейін жазадан сытылып келгендер, енді қол көтерерде ойланады дейді. Ал әйелін немесе баласын ұрғандарға жаза 10 тәулік. Қайталанса 25 күн. Денсаулыққа ауыр зақым келіп жатса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.


Хабарламаларға жазылу