Қостанай облысының балықшылары көмек сұрап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының балықшылары көмек сұрап отыр

02.07.2023

Қостанай облысының балықшылары көмек сұрап отыр. Өйткені бұл кәсіп түрі аймақта тұралап тұр. Облыс аумағында 800-ден аса балықты су айдыны бар. Соның тек 200-ден астамы ғана кәсіпкерлерге бекітіліп берілген. Қалғаны иесіз жатыр. Мемлекеттен қолдау аз болғандықтан, көпшіліктің заңды түрде балық шаруашылығымен айналысуға құлқы жоқ. Себебі балықтың өзі - күтімін келістіріп бақпасаң өспейді. Бекітілген су айдынына уылдырық жіберу, оны қорғау, судың құрамы бұзылмауын қадағалау – қыруар шығын.

2021 жылы тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарға субсидия төлеу туралы бағдарлама қабылданды. Алайда ол жарытып жұмыс істемей тұр. Мысалы осы бағдарлама бойынша былтыр Қостанай облысында 23 шаруашылыққа нәбәрі 6 млн теңге ғана субсидия төленген. Биыл бір тиын да берілмепті.

Балықшының бейнеті туралы сөз болғанда бірден Әбдіжәміл Нұрпейістің «Қан мен тер» трилогиясы ойға оралады. Шығармада мынадай жолдар бар: «Еламан теңізге тартты. Түнде жел тұрған ба, таяуда жауған үлпілдек қардың бет жағы борап, жағалаудың мұзы қайсыбір жерлерде кәдімгідей жалаңаштанып, ар жағы көктайғақтанып ырсиып қапты. Сонан бұл аң қар, көк мұз үстінде күні бойы жалғыз. Мұз ояды. Ау қарайды. Теңізге шыққанда, сірә да, маңындағы кісі-қараның бар-жоғын байқамайтын. Төбеде көк аспан. Табан асты көк теңіз. Екі дүние арасында жабырқау ойды жанына серік қып, күні бойы күйбеңдеп жүріп өмір жөнінде ойлайды».

Күйініп, толғанып, «сең соққан балықтай сергелдеңге түскен Еламанның» монологы арқылы көнгіш халықтың әлеуметтік тағдыры бейнеленген еді. Өткен ғасырда жарық көрген шығармада көтерілген мәселелер әлі де өзекті.

Қызық үшін қармақ салып емес, бейнетіне төзіп, балықты бағып өсіруді кәсіп қылғандар жайлы – Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

 Қашанда балықты қызық үшін аулайтындар көп. Арнайы рұқсатсыз ау салатын пайдакүнемдер де аз емес. Балық инспекторлары күн сайын көл үстін кезіп, бақылау жүргізеді. Биыл соңғы бес айда олар 126 әкімшілік хаттама толтырыпты. Өндірілген айыппұл көлемі 2 млн теңге.

Ерік Жұманов, Тобыл – Торғай облысаралық Балық шаруашылығы бассейні инспекциясының бас маманы:

Соның ішінде 2-уі өрескел заң бұзушылық, сотқа жолданды. 3 жағдайда ау құралдардың иесі табылмай, оларды табу үшін іс полицияға жолданды.

Заңсыз балық аулауға тосқауыл қоюдың бір жолы: осы кәсіппен айналысатындарға қолдау көрсету. Сонда иесіз су айдындары азаяды. Өйткені өзен-көлге ие болса, балықтың жөн-жосықсыз ауланып, жойылып кетпеуін қадағалауға міндеттеледі.

Серік Бейсенбаев, Тобыл – Торғай облысаралық Балық шаруашылығы бассейні инспекциясының басшысы:

Аударма: Нақты балық өсіруді кәсіп еткендерді қолдау заңда қарастырылған. Осы салаға ақша салып, уылдырық сатып алып, оны өсіріп, тауарлы балық етіп саудаға шығарып жатқандар бар. Субсидия жергілікті бюджеттен соларға төленуі тиіс.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Қостанай қаласынан 130 шақырым жердегі Қарасор көлі. Аумағы атшаптырым, ең терең жері 2 метр шамасында. Мұнда ақсаха балығының уылдырығы көктемде әкеліп салынып, тек күзде ғана жаппай ауланады. Ал жазда аздап азыққа ғана аулауға болады.

Судың тереңінде емес, бетінде жүретін шағын балықтың бірінші жауы - құстар. «Шілде айының басында бұл жерде суқұзғындар мен бірқазандар қаптайды» дейді кәнігі балықшы Иван Пешков. Атуға болмайды, қайықпен қуып қана үркітуге тура келеді.

Иван Пешков, балықшы:

Таңертеңнен күн батқанша құстарды қуумен боламыз. Қаншама бензин жағасың, қып-қызыл шығын. Бір суқұзғын бір күнде үш келіге дейін балық жейді. Бірқазан одан көп.

Қуаныш Макубаев Қарасор көліне 2017-ші жылдан бері иешілік етіп келеді. Ақсаха балығын 2018-ші жылдан бері өсіреді. Көктем сайын Ресейден 1 млн дернәсілін әкеліп жібереді. Бірақ күзде балықты сүзіп алып, күреп пайда табудың сәті ылғи түсе бермейді. Судың азайып, құрамы бұзылуынан балық қырылып қалып жатады. Азығы жеткіліксіз болса өспейді. Сондықтан көбіне күтімге кеткен шығын кірістен асып кетеді екен.

Қуаныш Макубаев, кәсіпкер:

Қыста ойық ойып, су астына оттегі жібереміз. Жазда да судың құрамын, ондағы азық мөлшеріне сараптама жасатып, тексертеміз. Дернәсіл сататын ресейлік компания есептік фактура бермейтіндіткен субсидия ала алмай жүрмін. Себебі субсидия төленуі үшін осы құжат міндетті түрде болуы керек.

Ал Қайрат Усаков 2021 жылы өз қаржысына албырт, ақсаха тұқымдас балықтың дернәсілін өсіретін тәлімбақ ашқан. Жоба құны 70 млн теңге. Уылдырықты Польшадан алдырады. Оны тәлімбақта өсіріп, дернәсілі мен шабақтарын жергілікті шаруашылықтарға сатады. Өзінің иешілігіндегі өзен көлдерге жібереді. Былтыр 27 млн дана дернәсіл сатса, биыл 20 млнын саудалап үлгеріпті. Алайда осы өңір үшін инновациялық кәсіпті игерген кәсіпкер де субсидия ала алмай жүр.

Қайрат Усаков, кәсіпкер:

Әзірге мемлекеттен еш қолдау көрген жоқпын. Бағдарлама бар - бірақ қаржы бөлінбейді. Өтініш бермекші болғанымда маған «ақша жоқ, сондықтан өтінішіңді қабылдамаймыз» деп турасын айтты.

Амангелді Исмаилов, облыстық Табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Енді қазіргі таңда бізде қаражат бекітіліген жоқ. Сондықтан өтініштерді қабылдау заңсыз болып саналады. Егер керекті қаражат бектіліп, бізге бөлінетін болса, сол уақыттан бастап біз өтініштерді қабылдаймыз.

Басқарма маманының айтуынша облыста қазір 54 тауарлы балық өсіру кәсіпорны бар. Олар былтыр 200 тонна балық өсірсе, биыл бұл көлемді 800 тоннадан асыруды жоспарлап отыр. Соған сәйкес субсидияға сұраныс 50 млн теңгеге жетті. Бірақ бюджетте қаржы жоқ деген сылтаумен бірде бір кәсіпорынның өтініші ресми тіркелмеді. Ал жуырда облыстың шенеуніктері агроөнеркәсіпке бөлінген 500 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген еді. Саланы дамытуға бөлінетін қаржыны «алтын балық» көрген жемқорлар, тесік ауға тап бола беретін кәсіпкерлер... Ертегілер желісі де өмірден алынатындай...

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу