Қызылордада ақпарат саласының қызметкерлері күніне орай мерекелік кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада ақпарат саласының қызметкерлері күніне орай мерекелік кеш өтті

27.06.2023

Қызылордада ақпарат саласының қызметкерлері күніне орай мерекелік кеш өтті. Салтанатты шарада қаламгерлер құрмет төрінен көрінді. Жергілікті журналистердің басы қосылған мерекеде 70-ке жуық сала өкілі түрлі марапатқа ие болды.

Аймақтың медиа кеңістігінде бүгінде 150-ге жуық бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Жергілікті қаламгерлер заман ағымына ілесіп жылдам ақпарат таратуда көшке ілесіп келеді. Бүгінде қоғамның тыныс-тіршілігін зерделеп, билік пен халықтың арасына алтын көпір салған журналистер қауымын аймақ басшысы төл мерекесімен құттықтады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Әрдайым қоғамдық ахуалдың алдыңғы шебінде жүретін, ақпарат кеңістігінде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген қаламды қасиет тұтқан бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлеріне әркез айтар алғысымыз шексіз.

Шара барысында алдымен ақпарат саласының ардагерлері ұлықталып, шипажайға 10 жолдама берілді. Баспасөздің майталманы Жолдасбек Ақсақаловқа «Құрметті журналист» төсбелгісі табысталса, «Қызылорда» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала «Телевизия тарланы» номинациясын иеленді. Қарымды қаламгер Шәкизада Әбдікәрімов «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды.

Шәкизада Әбдікәрімов, Қызылорда облысының құрметті азаматы:

Біз өзіміздің отанымызды найзаның ұшымен, білектің күшімен емес қазіргі уақытта, қаламның ұшымен қорғауымыз керек деп ойлаймын. Бұл Қазақстандағы отан қорғаушылардың қатарында тұратын бірден бір мамандық иелері журналистер деп түсінемін.

Бір топ журналист Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, Сағитжан Бермағанбетов атындағы облыстық жас журналистер байқауының жеңімпаздары да сый-құрметке бөленді. Ал қаламгерлер арасындағы ала доп бәсекелерінде топ жарып, жүлдегер атанып жүрген жергілікті «Ақмешіт» командасының жетістігі де дәріптелді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу