Абай облысында инновациялық идеяларды іске асыратын кәсіпкерлердің саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында инновациялық идеяларды іске асыратын кәсіпкерлердің саны артып келеді

27.06.2023

Абай облысында инновациялық идеяларды іске асыратын кәсіпкерлердің саны артып келеді. Тың идеялар арқылы бизнес бастағандар үшін мемлекеттен арнайы берілетін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар да бар. Әсіресе жастарға мұндай мүмкіндікті қолдануға жағдай жасалып отыр.

Қымыздан жасалған балмұздақ. Бие сүтінен жасалған тәттіні семейлік Айдын Серікқазин 4 жылдан бері өндіріске шығарып кәсібін дөңгелетіп отыр. «Qaz Ice» деген брендтік өнімін еліміздің 5 қаласында сатады. Алғашында шағын цехта жасаған. Уақыт өте келе сұраныс артқан. Сондықтан арнай грант жеңіп алып, ұлттық сусыннан жасалатын өнім өндірісін кеңейткен.

Айдын Серікқазин, кәсіпкер:

Қымыз өзі, атам қазақ айтады ғой қырық емге шипа, ем деп айтады ғой. Қымыздың құрамында кездесетін витаминдер осы балмұздақ құрамында кездеседі. Қазір балмұздақтардың көбінде консерванттар, химикат заттар қосылады. Сол себепті осындай пайдалы өнімдерден, қазақтың ұлттық сусындарынан неге осындай балмұздақ шығармасқа. Неге оны жасап халыққа ұсынбасқа деген мақсатпен осы іспен қазіргі таңда айналысу үстіндемін.

Ал Көкпекті ауылының тұрғыны Руслан Губанов саңырауқұлақтың «король қозықарыны» алаталатын түрін өсіреді. Өнімді өсіруге көп шығын кетпейді. Шағын ғана жертөледе егілген саңырауқұлақтан айына 1 миллион теңгеге жуық кіріс кіргізіп отыр. Алда мемлекеттің қайтарымсыз грантын алып, бизнесін кеңейтуді жоспарлауда. Саңырауқұлақтан қатерлі ісік ауруларын емдеуге қажет қоспа алуды көздейді.

Руслан Губанов, кәсіпкер:

Саңырауқұлақ мицелиясын алуды жоспарлап отырмыз. Көптеген дерттерге ем, оның ішінде обырды емдейтін дәрі-дәрмек өндіріснде қолданылады. Тек тағам үшін ғана емес, медицинаға қажет өнімді жасауға қол жеткізгім келеді.

Абай облысында инновациялық жобаларға берілетін қайтарымсыз гаранттар биыл екі есеге көбейген. Өйткені, тың идеяларын ұсынып жатқандар тым көп дейді мамандар.

Мұрат Малікжар, Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы:

Өте инновациялық идеялар көп. Халықтың грантқа деген көзқарасы үлкен. 2022 жылы Абай облысы құрылғаннан кейін болды. БІрақ ол кезде 46 миллион болды. Біз 18 жобаға ғана берген болатынбыз. Енді осы жолы екі есе көбейді.

Биыл кәсіпкерлердің ерекше жобалыры үшін 100 миллион теңге бөлініп отыр. Мамандар бұрын-соңды өңірде болмаған кез-келген істі бастаймын дегендерге қайтарымсыз қаржы бермек.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу