Ұлыбританияда электронды темекі туралы заң талаптары күшейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда электронды темекі туралы заң талаптары күшейтілмек

27.06.2023

Ұлыбританияда электронды темекі туралы заң талаптары күшейтіледі. Өйткені балалар арасында вейп шегетіндердің қатары күн санап күрт артып отыр. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Рейчел Хоуидың қызы 17 жасында вейпингтің құрбаны болған. Электронды темекіні үздіксіз шеккен бойжеткеннің алдымен қос өкпесі сыр беріп, кейін жүрегі тоқтап қалған.

Рейчел Хоуи, Лондон тұрғыны:

Қызымның бұл жалғанда жоқтығына әлі сене алмаймын. Вейптен сақ болуға шақырамын.

Жастардан бөлек, балалар да вейпингтің зардабын шегіп жатыр. Соңғы жылы ауруханаға түскен 40 баланың 15-і 10 жасқа әлі толмаған.

Энди Буш, балалар дәрігері:

Электронды темекілер балаларды аурухананың интенсивті терапия бөлімінен бір-ақ шығаруы мүмкін. Өкпеден қан кету сияқты жағдайлар өте қауіпті.

Вейп сататын дүкендердің өнімдері көбіне бесіктен белі шықпағандарға бағытталған дейді биліктегілер.

Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:

Ересектерге емес, балаларға арнап шығарылғанын байқадық. Өйткені дәмі, қоспалары, жарнамалау жолдары жас жеткіншектерді тарту үшін жасалған.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, 18 жасқа толмағандарға никотинсіз вейптер сатуға тыйым салынбақ. Заңнан аттағандарға салынатын айыппұл көлемі 10 есе артады. Мектептерде жасөспірімдерді полицияның қадағалауы күшейеді.


Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу