28 маусым - Құрбан айт мейрамының алғашқы күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

28 маусым - Құрбан айт мейрамының алғашқы күні

26.06.2023

Маусымның 28-і құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Ислам дінінде қасиетті екі мейрам болса, соның бірі осы – Құрбан айт. Ораза айттан 70 күн өткен соң атап өтіледі. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атаулы мерекенің тәртібін еске салды. мысалға, егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

27 маусым – Арапа болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталып, 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады.

Кенжетай Дүйсенбай, Бас мүфти кеңесшісі:

Яғни, аталмыш уақыттан тыс уақытта құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Астана қаласында таңғы 6:00-де басталады. Өзге қалалар туралы мүфтияткз сайтынан қарап алсаңыздар болады.

Құрбандық шалу кімге уәжіп? Әуелі адам мұсылман болуы керек. Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасынан асқан және нысап мөлшеріндегі қаржысы болуы керек. Ол - 85 грамм алтын немесе шамамен 1 млн 300 мың теңге. Қой мен ешкі, ірі қара және түйені құрбандыққа шалуға болады.

Батыржан Мансұров, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі:

Қой мен ешкіні әрбір адам өзі үшін, ірі қараны түйені шамасы жетсе өзі немесе 7 адам бірігіп, сиырды немесе түйені шалуына болады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Сондай-ақ 90 шақырымнан астам жерге сапарға шыққандарға құрбандық шалу міндетті емес. Алайда, сапарлап барған жерінде құрбан шалуына рұқсат етіледі.Құрбандық шалу рәсімін қашықтықтан өткізуге болады. Ол үшін muftyat.kz сайты іске қосылған.

Хабарламаларға жазылу