Ермұхаммед Мәулен: Қазақстанның Еуропа чемпионатына шығуына әлі ерте - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ермұхаммед Мәулен: Қазақстанның Еуропа чемпионатына шығуына әлі ерте

25.06.2023

Қазақ футболшылары соңғы уақытта трендте. «Еуро-2024» чемпионатына іріктеу басталғалы ұлттық құрама ойыншылары бірнеше рет көзге түсті. Қазақстан футболшыларына шетелдік клубтар қызыға бастағаны туралы жаңалықтар да шығып жүр. Мәселен, осы аптада Түркия басылымдары қазақстандық қорғаушы Нұрәлі Әліпке екі клуб ұсыныс жіберуі мүмкін екенін жариялаған. Олар: әйгілі «Фенербахче» мен «Трабзонспор». Әзірге түркиялық клубтар мәлімдеме жасамады. Бұған дейін «Бахтиер Зайнутдиновке түркиялық «Бешикташ» қызығып отыр» деген жаңалық шыққан еді. Бірақ «Бешикташ» президенті Ахмет Нур Чеби қазақстандық футболшының трансфері туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Ал словениялық Nogomania порталы Қазақстан құрамасын «Н» тобындағы «Троялық жылқыға» теңеген. Мақала атауы «Қазақстан – топтың троялық аты».

Ежелгі гректердің аңыздарында Троя соғысының шешуші кезеңінде олар қамал алдына алып ағаш жылқының мүсінін жасап, кері шегінгендей болады. Троя елі мұны сыйлық ретінде қабылдайды. Ал бұл ағаш жылқының ішінде мықты жауынгерлер тығылып қалып, түнде қарсыластарын қырып, Трояны жаулап алады-мыс. Рим ақыны Вергилийдің осы жорыққа арнаған өлеңінде «Сый әкеліп тұрса да, данайлықтардан қорқыңдар» деген жол бар. Бұдан «Троя жылқысы» деген тұрақты тіркес туындады. Оның астарында «жұмбақ сый» сынды мән жатыр.

Иә, Қазақстан футболшылары «Еуро-2024» чемпионатына іріктеу аясында сюрприздер жасап жүр. Қатарынан 3 ойында жеңіске жетті.

Осы аптадағы Солтүстік Ирландияға қарсы ойыннан кейін FIFA рейтингінде де біраз көтерілді. Football-ranking.com сайтының мәліметінше, Қазақстан бірден 10 позицияға өсіп, 102-ші орынға тұрақтаған. Осы уақытқа дейін 112-ші еді. Бірақ, 102 дегеннің өзі мақтанарлық нәтиже емес. Өйткені, Ұлттық құрама 2016 жылы 83-ші орынға дейін жеткен.

Демек, мәселе рейтингте де емес. Өйткені, ол жиі жаңарып тұрады.

Сонымен, Қазақстан құрамасы келесі жылы өтетін кәрі құрлықтың айтулы бәсекесіне қатыса ала ма? Жауабын күзде білеміз. Ұлттық құраманың соңғы жеңістері елде футбол дамығанының көрінісі ме? Ішкі біріншілікте неге сырттан келген ойыншылар көп? Стадиондар UEFA талаптарына қаншалықты сай? Сұрақ көп. Ал оларға Аманкелді Сейтхан жауап іздеді...

«Тепсей Асхат». Қазір осы сөз қазақ футболының ұранына айналғандай. Астана-Аренада Данияны ұтқан ұлттық құрама жеңісті дәстүрді сәтті жалғап келеді. Қазақстандық футболшылар 2 жыл бұрын Франциядан 8:0 болып ұтылған. Сондай деңгейдегі команданың соңғы кезде жақсы нәтижемен қуантуының сыры неде?

Ермұхаммед Мәулен, ҚФФ президентінің кеңесшісі:

Билік ауысты футболда. ҚФФ президенті ауысты. 14 жыл бойы бір кісі басқара берген ғой енді. Бір кісі басқарған жер тұрып қалатын біз байқадық кішкене ия. Ресей, Еуропа, Украинадан мамандар кеп жұмыс істеп жатыр қазір.

Айбек Қабылша, спорт журналисі:

Могаммед Адиев көп жұмыс істеп жатыр. Жігіттерді бір отбасында жұмылдыра білген. Қосалқы құрамда қалып қойса да ешқандай реніш жоқ жігіттердің көңілінде.

Біздің футболда «соңғы минуттар синдромы» дейтін болатын. Яғни, соңында гол өткізіп, құрамамыз жеңіліп жүретін. Қазір керісінше. Даниядан 2-де 0 жеңіліп жатып ұтып кетсе, Солтүстік Ирландияға 88 минутта жеңіс голын салды. Яғни, қарсыласты ғана емес, синдромды да жеңе білген.

Абат Айымбетов, Ұлттық құраманың ойыншысы:

Бұл жақсы отбасы деп айтуға болады. Ары қарай өтіп жатсақ таң қалмасқа болады.

Демек, дайындық пен талап күшейген. Ол алаңдағы ойыннан да, киіну бөлмесіндегі бас бапкердің мына сөзінен де байқалады.

Иә, басты мақсат – Еуропа чемпионатына қатысу. Ол оңай емес, бірақ қаншалықты мүмкін?

Магомед Адиев, Ұлттық құраманың бас бапкері:

Қарсыластардың бәрін ұтуға болады. Ұтылып қалуда да оңай. Дайындық керек. Қазір федерацияның қолдауы жақсы. Техникалық жабдықтар алынып жатыр. Одан кейін ұлттық құрама ойындары жақындағанда клубтардың ойын уақытын ауыстырып, дайындалуға жағдай жасап беріп отыр.

Ермұхаммед Мәулен, ҚФФ президентінің кеңесшісі:

Біз 4-ші себеттеміз қазір. Еуропаның ең артынан санағанда 2-ші деңгейлі командамыз. Қазір жанкүйерлер бәрі бөркін аспанға атып Еуропа чемпионатына шығамыз деген сияқты айтып жатыр. Жоқ, олай емес әлі Дания бар, Словениямен ойнаймыз. Өте қиын менің ойымша. Еуропаға шыға алмай қалдық деп ертең жанкүйерлер ренжіп жүрмесін.

Ұлттық құрама сенімді ақтауға тырысып-ақ жүр. Ал, клубтар ше? Осы аптада «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» командаларының қарсыластары анықталды. Дайындық қалай деп «Астана» мен «Ақтөбе» клубына хабарластық. Сұхбат бермеді. Сарапшылар болса былай дейді:

Айбек Қабылша, спорт журналисі:

Қазақстандық футбол клубтары премьер лигадағы ойындарын Еурокубок жақындаған сайын келісіп, бір Қазақстанның командалары ғой, алдын ала немесе 3-4 күн кейін ойнауға келісіп жатыр. Бірақ ақтаулық «Каспийді» түсінбей отырмын мен. Біз емес басқа елдің мүддесін қорғайтындай Ақтөбеліктерге турдағы ойынды жылжытуға келісім бермей отыр. Өздері демеуші қаржысымен өмір сүріп отса түсінесің ғой. Ақтаудың кәдімгі бюджетінен 1 млрд 200 мың теңге аз емес, сол елдің аузынан жырып бөліп отыр ғой, сондықтан бұлардың бәрі мүдделі болу керек.

Сарапшымен келісуге болатындай. Өйткені, біздегі клубтарға жергілікті әкімдіктер жыл сайын кемі 1 млрд теңге қаржы бөледі. Ал, әлемде керісінше. Осындай клубтар мемлекетке салық төлейді. Яғни, футбол Қазақстанда бизнеске айналмаған. Сондықтан болар, клубтардың хәлі мүшкіл.

Ермұхаммед Мәулен, ҚФФ президентінің кеңесшісі:

14 командамыздың 4-інде стадион дұрыс емес. Қазақстан футбол федерациясы биылғы чемпионат басталмай тұрып, қатаң талап қойды. Қызылжар клубы өз алаңында ойнамасын деген. Соның салдарынан қазір Петропавл әкімдігі стадионды қазір жөндеп жатыр. Көкшетау, Оқжетпес Ақмола облысына да сондай тиым салынды. Олар да жөндеп жатыр.

Айбек Қабылша, спорт журналисі:

Қайсардың стадионын бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жасады. Труба-труба ішінің бәрі. Жанкүйерлер трубаарена дейді. Футбол көру мүмкін емес.

Мемлекеттен қаржысына күнелтіп отырған клубтардың жастар, балалар академиялары да жоқ. «Қайраттың» ғана түлектер мектебі қалыптасқан. Өйткені, клубтарда балалар футболын дамыту деген тікелей міндет жоқ. Мұндай жауапкершілікті лиганы ұйымдастыратын «Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы» да алмайды. Оған тек «Қазақстан футбол федерациясы» жауапты.

Ермұхаммед Мәулен, ҚФФ президентінің кеңесшісі:

Мысалы «Қайрат» академиясының қазір 8 футболшысы бүкіләлемдік футбол скауттарының назарында. Одан кейін академия Оңтүстік бар. Одан да талантты балалар шығып жатыр. 2-3 ойыншымыз қазір Испанияда жүр. Оны көп адам біле бермейтін шығар.

Балалар футболын дамыту мақсатында биыл Қазақстан аймағында Уефа және Фифа көмегі арқасында 20 жасыл алаң салынбақ. Одан бөлек, менеджерлерді оқыту қолға алынған. Өйткені, қазақ балалары менеджменттің әлсіздігінен кәсіпқой келісімшарттарды кеш жасайды. Карьерасын 20 жасқа жақындағанда бастайды. Ал, ішкі біріншілікте көбіне шет елдік ойыншылар жүреді.

Айбек Қабылша, спорт журналисі:

Еуразиялық Одақ деген біздің футболға көп әсерін беріп жатыр. Беларусияның, Ресейдің ойыншысы болсын біздің елде легионер саналмайды. Сырттан алып алып, Беларусияның 2-ші лигасында жүрген, Беларусияда өмірі 10 мың доллар алмайтын осындай легионерлердің саны көп қазір.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Мысалы, қазір соңғы орында тұрған «Ақсу» командасындағы 28 ойыншының 13-і шет елдік екен. Яғни, жартысына жуығы. Ал, кеше Ақсу Ордабасыға қарсы ойнағанда 6 шет елдік негізгі құрамда шыққан. Бұл олар қазақстандық жас ойыншыларды қайрау үшін шақыртылған шығар десең, шет елдік ойыншылардың деңгейі жоғары болса команда соңғы орында тұра ма? Ал, осы «Ақсуға» биыл бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінген. Футболға бөлінген ақшаның қайда кетіп жатқанын осыдан-ақ түсіне бересіз...

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу