Президент: Волонтер қызметі жан-жақты дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Волонтер қызметі жан-жақты дамып келеді

21.06.2023

Волонтерлықты дамытудың жаңа жол картасы жасалады. Мемлекет басшысы халықаралық волонтерлер форумында осындай құжатты әзірлеуді ұсынды. «Бұл осы салаға қуатты серпін беріп, оның алдағы жылдардағы бағытын айқындауға тиіс», - деді Президент. Әрі волонтерлық қызметті қоғамда берік тамыр жайғанша жалғастыра беруді тапсырды.

Бұдан бөлек, волонтерлық пен қайырымдылық жұмыстың есептілік жүйесін енгізу керегін айтты. Бұл бастама заңнама деңгейінде ынталандырудың тиімді тәсілдерін енгізуге көмектеспек. Жалпы Қазақстанда еріктілер қызметі жан-жақты дамып келе жатыр. Олардың еңбегі әрдайым жоғары бағалануы тиіс. Осылай деген Президент елімізде «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы белгіленгенін жеткізді. Бұл марапат белсенді еріктілерге беріледі. Сонымен қатар ерен еңбегімен көзге түскен еріктілер жыл сайын «Шапағат» медалімен марапатталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда еріктілер қызметі жан-жақты дамып келе жатыр. Бұған мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатыр. Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын. Жалпы волонтер болу патриотизмнің, яғни, отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады.


Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу