Ертең Астанада халықаралық волонтерлер форумы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Астанада халықаралық волонтерлер форумы өтеді

19.06.2023

Ертең Астанада халықаралық волонтерлер форумы өтеді. Еріктілер бас қосатын жиынға елімізден және әлемнің түкпір-түкпірінен жалпы 300-ден аса волонтер қатысады. Ал Атырауда қайырымдылық істермен айналысатын еріктілер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қазір өңірде 60 қа жуық волонтерлық ұйым бар. Жуырда еркітілер жасағын бір арнаға тоғыстырған арнайы штаб құрылмақ. Ал, әзірге өңірдегі белсенді жастар әлеуметтік жобаларды іске асыруға ерекше үлес қосып жүр.

«Жүректен жүрекке» қайырымдылық дүкені аз уақытта мұқтаж жандарға үлкен демеу болды. Тегін киім кешек алғысы келген отбасылар аудандардан да келеді. Тұрмыстық заттарды да алуға болады. Көпбалалы ана Гүлбаршын көпке қол ұшын берген волонтерларға дән риза.

Гүлбаршын Сапарова, көпбалалы ана:

Мына дүкенді ашып жақсы болды балаларға. Өзім екі ерекше бала бағып отырмын. Тесіктер, жыртық ондай ештеңе жоқ. Бәрі тап-таза киімдер. Жақсы екен.

Жандос Темірғали, тілші:

Дүкеннің алдында және қаладағы ірі сауда орталықтарында осындай жақсылық жәшігі қойылған. Мұнда қала тұрғындары өздерінің киім-кешектерін әкеліп, тапсырады.

Денсаулығында кінәраты бар балаларға арналған орталық та – еріктілердің еңбегі. Инклюзивті кешенде 32 балғын корекциялық бағытта ем алады. 4 жылдың ішінде 500-ге жуық бөбек ортаға бейімделді.

Гүлбарам Ермұханова, инклюзивті дамыту орталығының жоба координаторы:

Біздің ерекше балалармен жұмыс жасау өте қиын. Сол кезде біздер волонтерлердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Қиындықтан қашпайды. Волонтерлермен жұмыс жасау арқылы осы балаларды ортаға бейімдейміз.

Жаны жақсылыққа құмар волонтерлардың басты миссиясы – қайырымдылыққа үн қосу. Астанада өтетін халықаралық форумда белсенді жастар осы бағытта өз ұсыныстарын жеткізбек.

Әсел Ғұмарова, волонтер:

Қазір облыста 1000-ға жуық адамды қамтитын 57 волонтерлік ұйым бар. Соңғы уақытта ерікті түрде әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға атсалысатын адамдар қатары көбейген. Енді оларды бір арнаға тоғыстыру үшін жуық арада арнайы штаб құрылмақ. Волонтерліктің дамымай жатқан тұстары өте көп. Осы форумнан кейін соны қолға аламыз, жүзеге асырамыз деп ойлаймыз.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу