Бүкіләлемдік экономикалық форумның басшысы да Астанаға алғаш рет келіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүкіләлемдік экономикалық форумның басшысы да Астанаға алғаш рет келіп отыр

09.06.2023

Әлемде 350 млн адам аштықтың зардабын тартып отыр. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы айтты. Әлемге әйгілі саясаткерлер, алпауыт компаниялардың жетекшілері мен сарапшылар бас қосқан форумда қандай маңызды мәселелер айтылды? Шетелдік инвесторлардан Қазақстанға қандай ұсыныс түсті? Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Бүгін форумның соңғы күні. 40-тан астам панельдік сессиялар мен бейресми жиындар аяқталуға жақын. Соңғы шаралардың бірі мына 1200 адамға арналған пленарлық отырыс залында өтіп жатыр. Қазір сарапшылар креативті экономика тақырыбын талқылау үстінде.

АҚШ-тың бұрынғы энергетика және сауда министрі, БҰҰ-ның елшісі, Президент әкімшілігінде бірқатар лауазымды қызметтер атқарған Билл Ричардсон да Астана алаңында өз тәжірибесімен бөлісті.

Уильям Блейн Ричардсон III, америкалық саясаттанушы:

Мен жасанды интелектің бүгінгі қоғамға әсері тақырыбында айтамын. Бұл жаңа технология. Біз мұнымен жұмыс істейтін жол табуымыз қажет.

Форум елімізге инвестор тарту үшін де маңызды. Былтыр Қазақстан нарығына шетелдіктер 28 млрд АҚШ долларын құйған. Биыл бұл қаражат тағы еселенуі мүмкін. Сингапурлық делегаттардың келудегі мақсаты да осы.

Сопнену Моханти, Сингапур валюта басқармасының қаржы технологиялары жөніндегі директоры:

Қазақстан мен Сингапур арасында қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Астана қаржы орталығымен ынтымақтастық туралы келісім жасадық. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі нарық. Серіктестікті дамыту бойынша көптеген жоспар бар.

Ал АҚШ тарапы Қазақстанның IT саласына қызығып отыр. Ұлттық экономика министрінің сөзінше, әсіресе, Microsoft компаниясы елімізде өз филиалын ашуды көздейді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

АҚШ компаниялары өндірісті, машина жасауды, IT-индустрияны, инфрақұрылымды дамыту бағытына инвестиция салмақ. Олар елімізде IT саласының қарқынды дамып келе жатқанын көріп отыр. Менің ойымша, біз олармен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей аламыз.

52 жылдық тарихы бар Бүкіләлемдік экономикалық форумның басшысы да Астанаға алғаш рет келіп отыр. Халықаралық форум енді жыл сайын ұйымдастырылып, әлем көшбасшыларының басын қосатын «Азиялық Давосқа» айналады деп сенеді.

Мирек Душек, Дүниежүзілік экономикалық форумның басқарушы директоры:

Бұл форум жалғасын табуы тиіс. Маңызды мәселелерді шешу үшін адамдардың жиі бас қосуы маңызды. Алайда осыған ұқсас жиындар сирек өтеді. Мұндай форумдардың маңызын, бағасын білу қажет.

Ал Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы пандемиядан кейін аштықтың зардабын тартқан халықтың мәселесін көтерді. Бүгінде экспорттық шектеулердің кесірінен 350 млн-ға жуық адам тамаққа зәру. Ал геосаяси жағдай мемлекеттер арасындағы сауда-саттық байланыстардың едәуір бұзылуына соқтырғаны рас.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу