Астанада «Бейбітшілік, келісім және руханият мәдениеті» атты конференция өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Бейбітшілік, келісім және руханият мәдениеті» атты конференция өтуде

17.10.2014
Астанада «Бейбітшілік, келісім және руханият мәдениеті» атты конференция өтуде

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Бейбітшілік, келісім және руханият мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.  Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы және Рухани келісім конгресі ұйымдастырып отыр. Конференция жұмысы Дүниежүзілік  рухани мәдениет форумы президиумы мүшелерінің баспасөз мәслихатымен ашылды.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Дүниежүзілік  рухани мәдени форумның теңтөрағасы, «Мәдениетке бейбітшілік арқылы» Халықаралық қауымдастығының президенті Төлеген Мұхамеджанов: «Мұндай шараның біздің елімізде болуы көп жағдайдан хабар береді. 1992 жылы 18 қазанда Рухани келісім конгресі алғаш рет өткен еді. 22 жылдан бері өтіп келе жатқан конференция тегін ұйымдастырылмайды. Себебі, бізге келетін қонақтардың соңында мыңдаған адам тұр. Біз өзекті деген мәселелерді осы арада талқылау арқылы бүкіл әлемге жеткіземіз»,-деді.

Сонымен қатар, Төлеген Мұхамеджанов шара туралы толыққанды айта келіп, «Біз сонымен қатар, жыл сайын қайырымдылық акциясын да өткіземіз. Алғаш рет 1997 жылы республика бойынша 60 мың адамға дастархан жайған едік. Содан бері бұл шара дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бүгін 500 мүмкіндігі шектеулі, жалғызілікті адамға ерікті волонтерлер арқылы сыйлық жөнелтілді.  Бұл шаруаны мен өзім қадағаладым. Мұндай шара ертең де ұйымдастырылады»,-деді.

Шараға қатысушылар қатарында Дүниежүзілік  рухани мәдени форумның теңтөрағасы, «Мәдениет арқылы әлем-Еуропа» халықаралық қауымдастығының президенті, Этика институтының директоры, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф (АҚШ), Вильгельм Аугустат (Австрия), РФ президенті жанындағы жеке құқық зерттеу орталығының  атқарушы директоры,  Ресей жеке құқық мектебінің проректоры Юрий Агешин (Ресей Федерациясы)  де бар.

Конференция жұмысына Аргентина, Австрия, Германия, Грузия, Ливан, Израиль, Үндістан, Иран, Испания, Қырғыз Республикасы, Ресей, АҚШ, Украина, Франция, Швейцария елдерінің өкілдері  қатысуда. 

Хабарламаларға жазылу