Ақтөбеліктер көк түтінге тұншығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер көк түтінге тұншығып отыр

05.06.2023

Ақтөбені көк түтін тұмшалады. Себебі қала шетінде қоқыс полигоны өртеніп жатыр. Оны дер кезінде сөндіру жауапты мекемелердің қолынан келер емес. Ал ыстың иісіне тұншыққа тұрғындарға таза ауа жұтудың өзі мұң болды. Бұл Ақтөбенің Батыс-2 деп аталатын ауданы. Тұрғындар соңғы үш тәуліктен бері түтінге тұншығып отырғандарын айтады. Желдің бағыты полигон жақтан болған күндері тіпті қиын. Сондықтан олар мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр. Бұл өткен демалыс күні орталық стадионда өткен Ақтөбе мен Қарағанды командаларының кездесуі. Ойыншылар мен қоса көрермендерге де көк түтіннің иісі қолайсыздық тудырды. Дегенмен матчты толық ойнады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жылда қайталанатын проблема.Тұрғындар жаз мезгілінде тіпті, үйлерінің терезелерін аша алмайды. Былтырдың өзінде бұл аумақ 15 рет өртенген. Ал биылдыққа жетінші рет жанып жатыр.Сондықтан жауаптылар қоқыстың бетін топырақпен жабу жұмыстарын бастады.

16 жыл бұрын ашылған қоқыс полигоны 2028-інші жылға дейін жұмыс істеуі тиіс еді. Алайда 42 гектар аумақ мерзімінен бұрын толып қалды. Ал 2015 жылдан бері қайта-қайта өртеніп, жұртқа жайсыз тиіп тұр. Полигонды сенімгерлік басқаруға алған компания осындай олқылықтар үшін соңғы екі жылда бір миллион теңге шамасында айыппұл төлеген.

Нұржан Қожанов, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Азот оксидінен және күкірт оксидінен көрсетілген шамадан асып тұрғаны анықталды. Бүгінгі таңда департамент тарапынан «Табыс Ақтөбе» ЖШС-не жоспардан тыс тексеріс тағайындалды.Тексеріс қорытындысына сай кінәлі анықталған жағдайда заң бойынша жауапкершілікке тартылады.

Коқыстың бетін топырақпен көму үшін 30-ға жуық техника тартылған. Бір га аумақ бықсып жанып жатыр. Мамандар өртті басқаша тоқтату мүмкін емес дейді. Өйткені өрт ошағы 15-20 метр тереңдікте. Қала басшылығы ай соңына дейін полигон толықтай көміледі дейді. Жуық арада аумағы 12 гектар болатын жаңа полигон ашылмақ.

 Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу