Түркістан халқы түтінге тұншығып отыр

15.11.2019

Түркістан халқы түтінге тұншығып отыр. От жағу маусымы басталғалы қала көк тұман құшағында. Биыл облыс орталығының 65 пайызына газ тартылады дегенмен, жағдай оңалмай тұр. Қалада көмір жағып, күнелтіп отырғандар көп. Әлеуметтік нысандар, кәсіпорындар газға мүлде көшпеген. Ал жағымсыз иіс пен улы газ ауаға таралып, тұрғындардың тынысы тарылып барады.

Түркістанда 59 мектеп, 12 денсаулық сақтау мекемесі көмір жағады. Қаншама кәсіпорын қара түтін будақтатып отыр.

Ал қала билігі газдандырудың екінші кезеңі аяқталып қалғанын айтады. 52 мың абоненттің 65 пайызы қамтылған. Оған 2 миллиард 100 миллион теңге жұмсапты.

Алайда тұмсығының түбінен өткен газды үйге кіргізу қып- қызыл шығын. Пешінің өзі 150 мың, оны орнату 275 мың теңге. Тұрмысы қаратөбел отбасылардың қалтасы көтермейді. Сондықтан мыңдаған үйдің мұржасынан қара түтін біразға дейін будақтайтын секілді.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу