Мысырда Бейбарыс Сұлтан мешіті қайта ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мысырда Бейбарыс Сұлтан мешіті қайта ашылды

05.06.2023

Бейбарыс Сұлтан мешіті қайта ашылды. Ұзақ жылдар бойғы жөндеу жұмыстарынан кейін Мысыр астанасы Каир қаласындағы тарихи нысан жамағат игілігіне берілді. Даңқты билеушінің 800 жылдығына орай биыл 600-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ. Тарихи сәтте ата жұрттан Сенат төрағасы бастаған делегация арнайы барды.

Әйгілі Бейбарыстың тікелей әмірімен 1269 жылы салынған мешіт Каирдың дәл орталығында тұр. Аумағы 10 мың шаршы метр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Көне мешіт өз заманының ең озық сәулет үлгісімен салынған. Ғимаратты безендіруге қажетті мәрмәр тастары мен ағаштар арнайы Антакиядан әкелінеді. Әр заманда бұл жер түрлі мақсатта пайдаланылған. Наубайхана, сабын жасайтын жер, тіпті әскери қойма да болған.

Соның да бір әсері болар ғимараттың тоз-тозы шығады.1960 жылдары алғашқы жөндеу басталады. Алайда, қайта-қайта тоқтап қалған. Бұл жұмысқа 2007 жылы Қазақстан қазынадан 4,5 млн доллар бөледі. Осылайша ондаған жылдарға созылған реставрация мерейтойлы жылда аяқталып отыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бейбарыс Сұлтан мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға.

Бейбарыс Сұлтан Мысыр мен Шам елін 17 жыл билеген. Оның тұсында араб елі өз заманының айбарлы мемлекетіне айналады.

Омар Абдель Салам, ливандық тарихшы:

Сұлтан Бейбарыс ерекше соғыс әдістерін қолданған. Мәселен ол Мысырдағы жасырын жолдарды жақсы білген. Крестшілермен күресте соны пайдаланған. Тікелей шабуылға көшпей, жергілікті жердің ыңғайына қарай соғысқан.

Ресми шаралар легі Әл-Азһар университетінде, халықаралық ғылыми-конференциямен жалғасты. Ислам әлеміндегі Оксфорд, Кембридж саналатын оқу ордасын да кезінде Бейбарыс Сұлтан қайта ашып, жаңғыртқан. Бүгінде бұл жерде 200-ге жуық отандасымыз білім алып жүр.

Конференция барысында «Бейбарыс араб және түрік сұлтаны» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Алдағы уақытта арнайы энциклопедия басылып шықпақ.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Бүгінгі халықаралық конференциядағы барлық айтылған пікірлерді, жазбаларды жинақтауды да жоспарлаймыз. Оны түрлі тілдерде шығару да ойымызда бар. Сондықтан да, Бейбарыстың 800 жылдығы Бейбарыстану үшін жаңа белес болмақ.

Каирдегі ресми шаралар қазақ өнерпаздарының гала концертімен түйінделді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Сұлтан Бейбарыстың мұрасы қос ел арасындағы алтын көпір. Жастайынан жат елге кетсе де, туған елге деген аңсарын жүрегінде тербеген даңқты қолбасшының есімі қазақ даласында да Мысыр жерінде де әлі жаңғыра бермек.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу