Донор болу – өмір сыйлау. Елордада қан тапсыруға ниет білдірген азаматтардың қатары көбейіп келеді. Бас қаладағы қан орталығында күніне кем дегенде 120-130 адам қан тапсырады. «Бұл - қайырымды іс», - дейді дәрігерлер. Себебі, азаматтар өздерінің игі қадамдары арқылы қанға мұқтаж жандарға үлкен көмек жасайды.
Донорлар алдымен сауалнамадан өтеді. Тіркеу бөлімінде бірыңғай дерек қорынан мәліметтер алынады. Клиникалық-биохимиялық зертханада донордың қан тобы, белок құрамы, гемоглабин деңгейі мен бауыр қызметі анықталады. Дәрігер-терапевт дене қызуын, қан қысымын тексереді. Донор тұтас қанды немесе қаннан жасушаларды айырып, тромбоциттерді тапсыра алады. Әр азаматтан 450 милилитр қан алынады. Бұл - ағзадағы қанның 10 пайызы.
Зәуреш Әлменова, Қан орталығының дәрігер-трансфузиологы:
Келген әрбір донорды қаһарман деп айтуымызға болады. Не себептен? Өйткені ауырып жатқан адамның өміріне араша болып, ауырып жатқан адамға көмектесіп, өзінің қанының бірнеше тамшысымен бөлісіп, үлкен адамгершілік белгісін білдіріп отырады.
Алынған қан мен оның құрамдас бөлігін сақтау мерзімі шектеулі. Қанның қызыл түйіршектерін 42 күнге дейін, ал тромбоциттерді 5-7 күн ғана сақтауға болады. Бұл өте аз уақыт. Жол апатынан, басқа да оқыс оқиғалардан зардап шеккендерге, босанған әйелдерге, ота жасатқандарға шұғыл көмек ретінде қан аса қажет.
Бақыт Айтмұрзанова, қала тұрғыны:
Мен салауатты өмір салтын ұстанамын. Мамандығым бойынша физрукпын. Ұдайы жүгіріп тұрамын. Мен өзіме ғана емес, қан қажет адамдарға пайдалы деп ойлаймын. Сондықтан барлық қазақстандықтарды салауатты өмір салтын ұстанып, қан тапсыруға шақырамын.
«Қан тапсырудың тағы бір пайдасы - донор медициналық тексеруден кейін денсаулығы туралы ақпарат та ала алады», - дейді дәрігерлер. Айта кетейік, диспансерлік есепте тұрғандар, гепатит В, гепатит С, мерез және жұқпалы ауруларға, иммундық тапшылық вирусына шалдыққандарға қан тапсыруға болмайды.
Дарын Сағитов