Режеп Тайип Ердоған Президент болып қайта сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Режеп Тайип Ердоған Президент болып қайта сайланды

29.05.2023

Түркия Жоғарғы сайлау комиссиясы жариялаған алдын ала қорытындыларға сай қазіргі Президент Режеп Тайип Ердоған айқын басымдықпен жеңіске жетті. Халықаралық ұйымдар сайлаудың демократиялық талаптарға сай өткенін жариялады. Бауырлас елдегі саяси науқан туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Түркия тарихында бірінші рет өткен президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жеткен Режеп Тайип Ердоған Түркияның 13-ші президенті болып сайланды. Түркия жоғарғы сайлау комиссиясының мәліметіне сай, Режеп Тайып Ердоған 52,16 ал оның қарсыласы Кемал Кылычтароғлы 47,84 пайыз дауыс жинаған.

Түнгі 00:00-де Режеп Тайып Ердоған Анкарадағы резиденциясының балконынан жеңіс сөзін сөйледі. Сол жерге жиналған үш жүз мыңнан аса адамға алғысын білдіріп, сайлаудан кейінгі жоспарларымен бөлісті.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президені:

Сайлау бітті, енді бар уақытымыз бен күшімізді жұмыс істеуге, халқымызға қызмет етуге жұмсаймыз. Біз Сирияға бүгінге дейін 600 мыңға жуық адамды ерікті түрде көшірдік. Алдағы уақытта 1 млн босқынды еліне қайтарамыз. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау, өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз.

Президенттік сайлаудың екінші турын халықаралық ұйымдардан 489 байқаушы қадағалады. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері парламентаралық ассамблеясы атынан қатысқан қазақстандық байқаушылар да бар.

Самат Мұсабаев, ТҮРКПА ұйымының байқаушысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл сайлау демократиялық тұрғыдан өте тартысты болып өтті. Ашықтық, әділдік демократияның көрінісі болды. Түркияға бауырлас елдерде де осындай бір жақсы, ашық сайлау өтсе деп тілейміз. Әділдік осы сайлаудан басталады деп есептеймін.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Сайлаудың ресми қорытындысы 31 мамыр күні жарияланады. Дегенмен әлем лидерлері Ердоғанды кешеден бері жеңісімен құттықтап жатыр. Жаңа сайланған Президент Режеп Тайип Ердоған, 2 маусым жұма күні жаңа үкімет жасақтап ант беруі тиіс. Ал осы сайлауда жеңілген оппозияциялық партиялар коалициясы қайта ыдырап кетуі мүмкін дейді сарапшылар.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу