Түркиядағы Президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтті
Түркиядағы Президенттік сайлаудың екінші кезеңі де өтті. Жоғарғы сайлау комиссиясының алдын-ала қорытындысы бойынша Режеп Тайип Ердоған айқын басымдықпен жеңіске жетті. Халықаралық ұйымдар сайлаудың барлық талаптарға сай өткенін жариялады. Ал Ердоғанның жақтастары кешелі бері жеңісті тойлап жатыр. Бауырлас елде саяси науқаннан кейінгі жағдай қалай?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда қазір таңғы сағат 7:00. Түркия жоғарғы сайлау комиссиясының кеше түнде жасаған мәлімдемесіне сай қазіргі Президент Режеп Тайип Ердоған 52,2 ал оның қарсыласы оппозициялық блок өкілі Кемал Кылычтароғлы 47,8 пайыз дауыс жинаған. Осылайша Режеп Тайип Ердоған Түркияның 13-ші президенті болды. Ал Ердоғанның жақтастары түні бойы жеңістерін тойлады. Қала көшелерінде автошеру жасап, алаңдарда митингілер өткізді. Түнгі 12-де Анкарадағы Бештепе резиденциясы алдына жиналған мыңдаған адамның алдында сөз сөйлеген Режеп Тайип Ердоған өзін қолдап дауыс берген халыққа алғысын білдірді.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
Жеңіске тек біз ғана жеткен жоқпыз, күллі Түркия, демократия жеңіске жетті. Бүгін ешкім жеңілген жоқ, 85 млн халық жеңді. Бұдан былай ұлттық мақсат-мұраттарымыздың, ұлттық армандарымыздың маңайына топтасатын, бірлесетін уақыт келді. Сайлау бітті, енді бар уақытымыз бен күшімізді жұмыс істеуге, халқымызға қызмет етуге жұмсаймыз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Енді сайлаудың екінші турына қатысты статистикалық мәліметтермен бөліссем. Екінші турда дауыс беру құқығы бар 60 миллионнан аса адамның 85 пайызы сайлауға қатысқан. Бұл бірінші турға қарағанда шамамен 4 пайызға аз. Түркияның 81 облысының 52-де Ердоған жеңіске жетсе, 29 облыста Кылычтароғлы басым дауыс жинаған. Сайлаудың ресми қорытындысы 31 мамыр күні жарияланады. Ал 2 маусым жұма күні жаңа сайланған депутаттар ант береді. Президент Режеп Тайип Ердоған да сол күні ант беруі мүмкін дейді мамандар. Бұл ақпарат алдағы күндері нақтыланады.
Айдос Әшімұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Алматы облысында «Байсерке аспаны – 2026» авиашоуы өтеді
12.08.2026, 20:41
Ерекше балаларды қолдауға арналған кабинеттер саны артып келеді
12.08.2026, 20:36
Қазақстанда 14-35 жас аралығында 6 млн-нан астам азамат бар
12.08.2026, 20:33
Министрлік: eGov жүйесі бұзылған жоқ
12.08.2026, 20:31
2029 жылға дейін коммуналдық саланың 60%-ы жаңарады
12.08.2026, 20:29
Сайлау – саяси дамудың жаңа кезеңі
12.08.2026, 20:25
Түркияда Құрылтай сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр
12.08.2026, 20:08
Партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр
12.08.2026, 20:07