Ертең Түркияда Президенттік сайлаудың екінші туры өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Түркияда Президенттік сайлаудың екінші туры өтеді

27.05.2023

Түркияда ертең Президенттік сайлаудың екінші туры өтеді. Кандидаттар екі апталық үгіт-насихат жұмыстарын бүгін кешке аяқтады. Бүкіл әлем көз тіккен саяси науқанға дайындық қалай жүріп жатыр? Халықтың саяси белсенділігі қандай? Бұл туралы бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік. Айдос сайлаудың екінші турына дайындық қалай?

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ертең Түркия тарихында бірінші рет Президенттік сайлаудың екінші туры өтеді. Тұрғындар таңертең сағат сегізден кешкі беске дейін таңдауларын жасап үлгеруі тиіс. Үміткерлер тізімінде бірінші турда ең көп дауыс жинаған екі кандидат. Бірі қазіргі Президент Режеп Тайып Ердоған, екіншісі оппозициялық блоктың үміткері, Республикалық Халық Партиясының төрағасы Кемал Кылычтароғлы. Бірінші турға қатысқан үш кандидат та 50 пайыздық межені бағындыра алмады. Ал екінші турда ондай меже жоқ. Бір дауыс болсын артық жинаған үміткер президент болады. Екі апта бұрын өткен бірінші турдан кейін кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын аса белсенді жүргізе қоймады. Оның себебі халық кімге дауыс беретінін әлдеқашан шешіп қойғандықтан, дейді сарапшылар.

Түркияда халық саяси өте белсенді. Мәселен сайлаудың бірінші турында 60 млн-нан аса дауыс берушінің 90 пайызға жуығы сайлауға қатысты. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бұдан бөлек, шетелдерде тұратын дауыс беру құқығы бар 3 млн-нан аса Түркия азаматының екі миллионға жуығы 20-24 мамыр аралығында сайлаудың екінші туры үшін таңдауларын жасады. Мамандар бұл бірінші турдағы қатысу көрсеткішінен де жоғары деп отыр. Сайлаудың алдын-ала қорытындысы дүйсенбі күні түнгі он екіге дейін жарияланады. Ал нақты нәтижесі 31 мамыр күні белгілі болмақ.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу