Құжаттарды да рәсімдеу барынша жеңілдетілді. Шымкент қаласында 60 мыңға жуық нәрестенің туу туралы куәлігі мен отау көтерген бір жарым мыңға жуық азаматтың некелері мобильді қосымша арқылы рәсімдеген. Бұл Әділет министрлігі тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерін цифрлық жүйеге ауыстырудың нәтижесінде қолжетімді болып отыр. Мегаполис жұртшылығымен кездескен ведомство басшылары олардың ұсыныстарын тыңдап, саладағы өзгерістерді түсіндіріп берді.
Заңгерлер мен адвокаттарға қажетті деректі алу және оны нақтылауға өте ұзақ уақыт қажет. Өйткені мұнда салық мекемелері, жеке сот орындаушылары мен құқық қорғау органдарындағыдай деректер базасы жасақталмаған.
Анар Мырзағалиева, Қазақстан заңгерлер палатасының заң консультанты:
Заң көмегіне мұқтаж халық бізге келеді. Ал олар туралы мәлімет алу үшін әрқайсысына 15 күннен 1 айға дейін күтеміз. Ал егер заңгерлер мен адвокаттарға сондай база ойластырса бұл мәселе тезірек шешілетін еді.
Әділет министрінің орынбасарымен кездесуде көтерілген мәселердің бірі осы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қазір елімізде 32 қызмет түрі «цифрлы Әділет» арқылы көрсетіледі. Оның 28-і «EgovMobile» арқылы іске асырылса, тағы 4 қызметке екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжеткізуге болады. Сондай-ақ жуырда онлайн нотариус жобасы жүзеге асты.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет министрінің орынбасары:
Әлем бойынша Қазақстан бірінші болып осы жобаны жасады. Яғни ешқайда бармай-ақ телефон арқылы керекті сенімхатыңызды 5 минут ішінде видеоқоңырау арқылы алуға болады.
Кездесу барысында қала тұрғындары сот актілерінің орындалуы, алимент өндіру, мұрагерлік істі жүргізу тәртібіне қатысты сауалдарына жауап алды. Сондай-ақ адвокаттық және нотариаттық қызметке қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Ғани Қалмаханов