Бүгін әнші Димаш Құдайбергеннің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін әнші Димаш Құдайбергеннің туған күні

24.05.2023



Грекияда Димаштың 500-ден астам жанкүйері бар. Мынау сол фан- клубтың Афинада тұратын белсенділері. Түрлі ұлт, дін өкілдері Димаштың арқасында бір отбасыдай болып кеткен. Жасы да, жасамысы да оның қарапайымдылығына, өнеріне тәнті.

Джема Избаш, Димаштың Грекиядағы фан-клубының жетекшісі:

Димаштың әнін тыңдасаң, бар қиындықты ұмытасың. Мен Димашпен бір күнде туғанымды мақтан етемін. Бізге осындай талантты сыйлаған қазақ халқына, Димаштың ата-әжесіне, әке-шешесіне алғысым шексіз. Димаш өзі армандайтын сүйіктісін кездестіріп, ұзақ өмір сүрсін деп тілеймін.

Димаштың Мажарстандағы жанкүйерлері кумирлерінің туған күнін жылда дүркіретіп тойлауды дәстүрге айналдырған. Тәтті тортпен, тары, құрт қосылған Димаштың шәйін іше отырып, сүйікті әншілері жайлы сағаттап сыр ақтарудан жалықпайды.

Сабо Каталин, Димаштың Мажарстандағы жанкүйері:

Ғаламтордан Димаштың «Опера-2» әнін кездейсоқ көріп, қалып, дауысына бірден ғашық болдым. Ол керемет вокалдық қабілет иесі. Мына ғаламшарда мұндай әнші бұрын-соңды болған емес. Маған әсіресе оның орындауындағы қазақша әндер қатты ұнайды.

Димаштың Бельгиядағы фанаттары да айына бір мәрте бас қосып, сүйікті әншілері жайлы соңғы жаңалықтармен бөліседі. Әндерін қосыла шырқайды. Бірде жылатып, бірде күлдіретін «Димаштың әндері жан-жарасын емдейтін шипа»-деседі бәрі.

Хельда Даниеэлс, Димаштың Бельгиядағы жанкүйері:

Мен Димаштың француз тілінде айтқан SOS әнін Ютубтан кездейсоқ көріп қалып, дауысына бірден ғашық болдым. Мен үшін әлемде Димаштан артық әнші жоқ. Ол әр әнді бар жан-тәнімен сезініп айтады. Менің 66 жаста осылай жарқырап жүруім Димаштың сырлы әндерінің арқасы.

Бельгиядағы жанкүйерлер еліміздің осы мемлекеттегі елшілігімен бірігіп, Брюссельде Димаштың концертін ұйымдастырсақ деп отыр. Қазақтың қара баласының өнеріне табынушылардың тағы бір арманы-қазақша еркін сөйлеу. Кумирлерімен кедергісіз сырласу үшін көбісі қазақ тілін онлайн үйренуге кірісіп кетті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу