Көлсайлықтар суды сатып алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлсайлықтар суды сатып алады

24.05.2023

Ауыз су мәселесі Алматы қаласындағы Көлсай шағын ауданында да өзекті. 1000-нан астам тұрғын су мен кәріз желісіне жарымай келеді. Тұрғылықты мекеннен шығатын қоқыс-қалдықтар қазір маңайда ағып тұрған өзенге құйылып жатыр. Тұрғындардың сөзінше, қалаға қарасты ықшам ауданда қоғамдық көлік мәселесі де өзекті. Салдарынан оқушылар мен студенттердің қатынауы қиындай түскен.

Көлсай ақшам ауданы 2015 жылы қалаға қосылған. Оған дейін Талғар ауданына қараған. Содан бері 8 жыл өтсе де, тұрғындар қарапайым ауыз суға қол жеткізе алар емес.

Қайрат Төленбаев, Көлсай ықшам ауданының тұрғыны:

Күніне әр отбасы 20-30 литр сатып алып ішеді. Мен, мысалы 4-5 мың теңгеге сатып аламын. Ол бір аптаға жетпейді. 03:49 Барлық отбасы солай сусыз күн көріп отыр. Ауыз су ең бірінші мәселе.

Бұл мәселе сонау 90 жылдардан бастап көтеріліп келеді. Бірақ бүгінге дейін халық базынасы ескерілмеген. Амалы таусылған бұқара тау басындағы бұлақтың көзін ашып, өздері құбыр жүргізіп, үйлеріне су тартып алған.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Тұрғындар әзірге мына бұлақтың суымен күнелтуге мәжбүр. Бірақ, бұл тіршілік нәрі ыдыс-аяқ жуу мен жуынып-шайынуға ғана жарайды. Оның өзі жетпей жатады екен. Өйткені, бұлақтағы су сарқылса, оның қайта толуына бірнеше күн қажет.

Қазір бұлақ маңы төрт-түліктің жайылатын орнына айналған. Мына көлшіктерден төр түлік су ішеді. Көлсайлықтарды алаңдататын тағы бір мәселе ол – кәріз жүйесінің жоқтығы. Тұрмыстық қалдықтар тура іргедегі өзенге барып құйылады. Көлсайға былтыр орталықтандырылған кәріз және ауыз су желісі тартылған. Құбырлары дайын тұр. Бірақ әлі күнге іске қосылмаған. Оның себебін жауапты мекеме өкілдері былай түсіндірді.

Азат Кәкетаев, Медеу ауданы ТҮКШ бөлім басшысы:

Су көзі жоқ бұл жерде. Оны біз қазір Балқаш су резервуарынан осы Көлсайға дейін магистральдық құбыр салынады. Жұмыс келесі айдың ортасында басталады. Су жұмыстар біткен соң, желтоқсан айында болады. Сумен бірге канализация бірге эксплуатацияға өтеді. Сол кезден бастап осы желілердің барлығы өз уақытмен істейді.

Елдімекен тұрғындары үшін екі автобус бөлінген. «Бірақ, екеуі де ескі болғандықтан, жүргенін сынып тұрғаны көп», - дейді жұрт.

Сәуле Көлкімбаева, Көлсай ықшам ауданының тұрғыны:

Біздің балаларымыз қиналып кетті. Оқуға барады ғой. Не оқуына жете алмайды, не жұмысына жете алмайды. Неге жүру кестесін жөндемейді. Жөнді автобус жібермей ме? Өңкей қыңыр, қисықты бізге жібереді.

Тұрғындардың сөзінше, ауылда бір ғана аялдама бар. Оған жету үшін жоғары жақта тұратындар бір жарым шақырым жаяу жүруі керек.

Қуаныш Құрманғалиев, Медеу ауданы Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы:

Алматы қаласының мобильділік басқармасына тапсырыс бердік жаңартып беруге. Аялдама биыл күзге дейін үш аялдама қойылады осы шағын ауданға. Бағытын өзгерту немесе созу белгісіз.

Су мен кәріз жүйеснің мәселесі биыл шешіледі деп сендірді әкімдік өкілдері. Бірақ, жаңа автобустардың қашан берілетіні белгісіз. Тұрғындар талабымыз орындалмаса, құзырлы органдарға шағымданамыз деп бекініп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу