Басты Жаңалықтар Түркістан облысында павловния ағашының көшеттері өсіріліп жатыр

Түркістан облысында павловния ағашының көшеттері өсіріліп жатыр

Әлемде өсу қарқыны ең жылдам саналатын Павловния ағашының көшеттері Түркістан облысының Ордабасы ауданында көбейтіле бастады. Жергілікті агромаман Әбдіхалық Исаев өз шаруашылығында 200 мыңға жуық көшетті шығарып, жүз гектар жерге еккен. Жапониядан жеткізілген дарақ жылына төрт метрге дейін өсіп, аптап ыстықта ауаны тазартуда рөлі орасан. Әрі өңірдің топырағы мен климаты қойлайлы болғандықтан, көшеттерін жерсіндіруге жүрексінген жоқпыз дейді.

Әбдіхалық Исаев соңғы бес жылдан бері павлония ағашын күтіп баптауды еуропа елдерінде зерттеп келген. Әрі ондағы бағбандармен тәжірибе алмасыпты. Сөйтіп екі жыл бұрын Жапониядан соңғы будандастырылған түрінің ұрығын алдырып, көшеттерін шығарады.

Оны өсіруге тамшылатып суару әдісін қолданады. Ал жапырағы малға азық, әрі діңі жиһаз бен музыкалық аспап жасауға таптырмас шикізат саналады.

Әбдіхалық Исаев, шаруа қожалығының төрағасы:

Қазақстанға жарайтын 3-4 сорты. Мысалы ол суыққа төзімді болуы керек. Біздің жаңағы ыстығымызға төзімді болуы керек. Ауруға төзімді болуы керек. Жәнеде өте жылдам өсуі керек. Сол сорттарды тауып, зерттеп, алып келіп, Қазақстанға ұсынып жатырмыз.

Көшеттер өсіп жетілгенше бағбан ондағы мамандармен хабарласып, әлеуметтік желі арқылы кеңес беріп отыратынын айтады. Осы арқылы павлония алқаптарын ел аумағында көбейтуді көздейді. Қазір арнайы жылыжайларда ерекше дарақтың көшеттерін өсіруде. Бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындарды тартқан.

Медет Қарсыбаев, жұмысшы:

Мысалыға бір жылда 4 метр, 5 метрге дейін өседі. Ауаны тазартады. Малға жем болады мына жапырақтары. Сондай жақсы қасиеттері көп.

Ауданда өзге ауыл тұрғындары да павлония ағашына қызығушылық танытқан соң, жергілікті билік шаруа қожалығына қосымша 112 гектар жер телімін бөлген. Ол жерлерге жарық пен су сияқты инфрақұрылым жүйелері жүргізілген.

Нұрболат Бердімұратов, Ордабасы Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Мемлекет тарапынан суару жүйелеріне және техника алу мәселелеріне субсидиялар қарастырылған. қазіргі таңда 50 адам ол жерде жұмыс жүргізіп жатыр.

Қожалық төрағасының айтуынша өңірге таңсық сәндік ағаштың күтімі жақсы болса, 100-180 жылға дейін өмір сүреді. Алты апта бойы гүлдеп тұрады. Әр үш жылда 8 рет кесіп алып, қажеттілікке жаратуға болады. Сондай-ақ ылғалды да бойына көп сіңіре бермейтіндіктен, құрылыста қолданылады.

Айнұр Әбілқасымқызы

Бөлісу