Жезқазған жұрты ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған жұрты ауыз суға зәру

22.05.2023

Жаңадан құрылған облыстардың бірі - Ұлытау өңірінің орталығы Жезқазғанда да ауыз су - өзекті. Суды тазалайтын кәсіпорынның жабдықтары әбден ескірген. Қала сыртындағы жерасты су көзінен құбыр тарту жұмыстары қашан аяқталады?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Жезқазғандықтар үйдегі краннан мүлде су ішпейді. Себебі дәмі кермек татиды, әрі таза емес. Өйткені, қалаға берілетін тіршілік нәрінің 60 пайызы сай-саладан жиналған судан құралған Кеңгір қоймасынан сүзіліп беріледі.

Сақып Әбжамалова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Судың сапасы өте нашар. Біз оны ауыз суға, ішігуе пайдаланбаймыз. Былай енді ыдыс жууға, кір жууға деген сияқты пайдаланамыз. Ал ішетін суды фильтрден сатып алып ішеміз.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қаладағы су тазалайтын гидроцехтың жабдықтары жөнделіп жатыр. 1965 жылы салынған кәсіпорын әбден ескірген. Ал жанынан мембрандық технологиямен су тазалайтын жаңа цехтың құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, тіршілік нәрінің мөлдірлігін арттырып, кермек дәмін кетіру үшін жерасты суын қосу қажет. Қала сыртындағы Үйтас-Айдос және Есқұла бастауларынан келетін қос құбыр торабын жаңғырту қажет. Құрылысы 13 жылға созылған Есқұла жобасы биыл бітуі тиіс.

Ұлан Ермеков, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Осы маусым айында тапсырылуы керек, бүгінгі күнде 95 пайыз жұмыстар бітірілген. Үйтас-Айдос су құбыры бұл үлкен жоба. Төрт кезеңге бөлінген. Биылғы жылы жұмыстар жалғастыру үшін үкімет қорынан 4,2 млрд ақша қарастырылған.
Руслан Нұрланұлы, тілші:

Тозығы жеткен су құбырлары да жаңартылады. Себебі гидроцехта тазаланған су дат басқан құбырлармен үйлерге жеткенше ішуге келмей қалады. 2025 жылдың соңына дейін 91 мыңдай тұрғыны бар Жезқазғанның ауыз су мәселесі түбегейлі шешілуі тиіс,-дейді мамандар.

Хабарламаларға жазылу