Президент Қытай компанияларының басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қытай компанияларының басшыларымен кездесті

18.05.2023

Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты артады. Әрі Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндіктері күшейеді. Оңтүстікте қуаты 200 ГигаКаллға жететін жылу станциясы салынады. Мемлекет басшысы бүгін Қытай компанияларының бірқатарымен жеке кездесті. Бизнес иелері Қазақстанға қатысты жоспарларын айтты. Мәселен, Стэйт Пауэр Инвестмэнт Карпарэйшн компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 ГигаВатт болатын ауқымды жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Президент бұл бастаманы қолдады. Халықаралық ірі инвестициялық корпорациясы энергетика, мұнай, химия саласында қазақстандық тараппен 5 коммерциялық құжатқа қол қойғанын мәлімдеді. Ал Қытайдағы түсті металдарды өндіру компаниясы Қазақстанда мыс балқыту зауытын салмақ. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Хуавей компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуанмен де, кездесіп, IT технология саласы бойынша білікті мамандар даярлау жөніндегі жобасын құптады. Қаржы, цифрландыру және онлайн-сауда салаларындағы инВЕСтициялық ынтымақ мәселелері Сан Севен Старс Инвестмент Груп компаниясының басқарма төрағасымен талқыланды. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу