Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылы көпшілікке қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардан жұрдай. Мәдениет үйі, спорт кешені мен балабақша жоқ. Дәрігерлік пункт ғимараты құлауға шақ тұр. Ал елдімекенде халық саны өсіп келеді. Қазірдің өзінде 1,5 мың тұрғын бар. Облыс орталығынан небәрі 50 шақырым жердегі ауыл қалайша көзден таса қалды?
Үштерек ауылы мен Ақсу қаласының арасы небары 7-ақ шақырым. Екіара ағылған көлік. Себебі мектептен басқасының бәрі проблема. Емхана, спорттық үйірме, балабақша үшін тек қана қалаға бару керек. Ауылда мектепке дейінгі жастағы бала саны 230-ға жуықтайды.
Айдана Құттыбаева, Үштерек ауылының тұрғыны:
Ауылымызда көпбалалы аналар өте көп. Балаларға орын жоқ. Осы ауылымыздан Ақсуға күнделікті апарамыз, әкелеміз. Балабақша мүлдем жоқ. Біз қандай мәселе болмасын Ақсуға барамыз.
Қала жақын бірақ жол нашар. Әкімдер жылда жөндейміз деп уәде береді.
Қалибек Өркенбай, Үштерек ауылының тұрғыны:
Сол 7 шақырымға барып келу бізге өте қиын. Себебі жолымыз шұрық тесік. Машинаның жүруі мүмкін емес. Біз барып келу үшін бір күн ремонтта тұрамыз. Сол жөндеуге қаншама қаражатымыз кетеді.
Ауылдағы әлеуметтік мекемелер әбден тозған. Дәрігерлік пункт ғимаратының жарты бөлігі қирап тұр. Ал мынау кеңестік заманнан қалған мәдениет үйі. Қазір жекеменшік иелігінде. Жұмыс істемейді.
Светлана Әлмағанбетова, Үштерек ауылының тұрғыны:
Жастар кешке жақын көше кезіп жүреді. Сол мәселе кішкене шешілсе екен деп ойлаймын. Өйткені балалар баратын жері болса, баяғыда осында музыка мектебі де болды. Қазір қаңырап тұр іші.
Ал әкімшілік бұл мәселелер кешенді түрде шешіледі деп отыр. Келер жылы спорт зал салынбақ. Мәдениет үйін жекеден мемлекет меншігіне қайта сатып алу үшін келісімшарт жасалған. «Тіпті сол ғимаратпен қоса дәрігерлік пунктті жөндеуге сметалық жобалау құжаттары дайын тұр»,- дейді.
Нұрлан Байбәкіров, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:
Әкімшілік тарапынан оны білеміз. Халықпен жұмыс істеп жатыр. Халықпен кездесіп жатырмыз. Барлық мәселелерді назарға алып, барлық мәселелер бойынша. Жаңағы қаражат сұрау үшін алдымен смета керек. Смета қарастырылды. Енді жуық арада болады.
Ақсудың іргесіндегі ауыл тұрғындары өркениет ұшығын келер жылдан бастап қана көретін сыңайлы. Бірақ құрғақ уәдеге тойған халық бұл жолы да әкім-қаралардың сөзіне күмәнмен қарайды.
Болат Аманбаев