Медеу шатқалында тұтанған өртті сөндіру кезінде қаза тапқан Арслан Құрманбековтің ерлігі еленді. Құтқарушы Мемлекет басшысының жарлығымен қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы және жанқиярлығы үшін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Марқұмның әріптестері бұл марапат лайықты деп санайды. Олар келешекте Медеу шатқалынан ескерткіш тақта орнатуды да жоспарлап қойған. Шыңғыс Әбитов, Арслан Құрманбековпен небары бір жыл ғана жұмыс істеген. Соған қарамастан екеуі бір-біріне бауыр басып, бір үйдің баласындай болып қалғанын жеткізді. Шыңғыстың айтуынша, қазір бөлімдегі барлық қызметкерлер Арсланның жоқтығына көндіге алмай жүр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
7 Мамыр күні түнгі сағат 23:53-те Медеу аудандық №7 өрт сөндіру бөліміне Медеу шатқалын өрт тұтанды деген қоңырау келіп түсті. Сол сәтте 9 адамнан тұратын екі бөлімше Іле-Алатау паркіне аттанды. Қызыл жалынды ауыздықтауға кеткендердің арасында Арслан да бар еді.
Өрт сөндіру кезінде Арсланның үстіне ағаш құлаған. Жанындағылар оны құтқаруға тырысқанымен, аман алып қалу мүмкін болмапты. Әріптесі Арслан сол күні күндегіден өзгеше ширақ, әрі бүкпесіз сырларын айтып еді деп еске алады.
Шыңғыс Әбитов, Алматы қаласы Медеу аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
Сол күні бізге қызының суретін көрсетіп, үйленем деп. Өзінің қуанышты жаңалықтарын айтып, бөліспеген әңгімелерін айтып, сол күні өзі ерекше болып жүрген.
Қызметтік борышын өтеу кезінде батылдық көрсеткен Арсланды әріптестері мақтан тұтады. Өмірінің 8 жылын құтқарушы мамандығына арнаған батыл жігітке қандай құрмет болса да артық етпейді дейді.
Ғалымжан Фархадов, Алматы қаласы Медеу аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
Ол жігіт осыған лайық еді. Өзімізге де ауыр. Арслан туралы айтсаң айта беруге болады. Жас буынға ертең үлгі тұтар сабық ретінде айта жүреміз.
Өрт сөндіру бөліміне тәлімгер болып келіп, аға өрт сөндіруші дәрежесіне дейін жеткен ұлын анасы да мақтан тұтады. Тірі болса талайдың өміріне араша түсіп, біршама марапатты өз қолымен қабылдар ма еді деп қынжылады ол.
Гүлбақыт Құрманбекова, Арслан Құрманбековтің анасы:
Дабыл, басқасы болсын таңертең өзі тұрып, шапқылап кететін. Өте жақсы көрді жұмысын. Өзіне ұнайтын еді. Жұмыстан қалып, суық тиіп қалған кездер болды. Сонда да қарамай жұмысына қарай жүгіретін. Жұмысынан қалмайтын.
Арсланның тамыз айында тойы болуы керек болған. Амал нешік, бұйырмады дейді жақындары. Төтенше жағдайлар департаменті бар-жоғы 28 жасында бақилық болған әріптесіне Медеу шатқалында ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр.
Нұрсұлтан Тілектес