Президент боксшыларды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент боксшыларды марапаттады

16.05.2023

Ташкент төрінде көк туымызды желбіреткен боксшылар құрамасын бүгін Мемлекет басшысы Ақордада қабылдады. Президент спортшыларды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтап, бұл еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Президент жігіттердің еңбегіне осындай баға берді. Мұхиттың ар жағында кәсіпқой бокста Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдік жарыста төрт алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз. Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды деп айтсақ, артық болмайды. Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді.

Желбіреген көк ту және әнұранмен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз осы деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал бұл жеңіске спортшылар жылдар бойғы маңдай тердің арқасында жетті. Енді осы жолды жалғап, алдағы бәсекелерде тұғыр биігінен көріну үшін аянып қалмаймыз дейді. Президент спортшыларға сәттілік тілеп, сенім білдірді. Ұлттық құраманың барлық мүшелеріне Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыс етті. Ал былғары қолғап шеберлері Мемлекет басшысына құрама мүшелерінің қолтаңбасы бар бокс қолғабын сыйлады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу