Өзбекстан астанасында өткен бокстан Әлем Чемпионаты аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан астанасында өткен бокстан Әлем Чемпионаты аяқталды

15.05.2023

Өзбекстан астанасында өткен бокстан Әлем Чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеде біздің қоржынға 4 алтын және 1күміс медаль түсті.

Әлем біріншілігінің алғашқы финалдық бәсекесінде қоржынға екі жүлде түсті. 48 келі салмақтағы Санжар Тәшкенбай Грузия өкілі Сахил Алахвердовиден басым түсіп, алтын алды.

Ал 67 келі салмақтағы үмітіміз Дулат Бекбауов жергілікті Асаходжа Муйдинхужаевтан айласын асыра алмады. Жекпе-жек бастала саласымен алға ұмтылған Дулат қателікке бой алдырды. Нәтижесінде жеңіс жергілікті боксшысының еншісінде кетті. Финалдық кезеңнің екінші күні үш боксшымыз өнер көрсетті. Алдымен Ташкент төріндегі шаршы алаңға Махмуд Сабырхан шықты. Сәтті ойластырылған тактика, жүйелі комбинациялық соққылар нәтижесін берді. Өзбек боксшысы екі мәрте нокдаунға түсті.

Құрама капитаны Асланбек Шымбергенов те өзіне артылған міндетті абыроймен алып шықты. Оның да қарсыласы өзбек елінің өкілі Сайджамшид Умаров болды. Өте тартысты өткен кездесуде жерлесіміз 3:2 есебімен жеңіп, мансабында алғаш рет Әлем Чемпионы атанды.

Ал бесінші жүлдені қоржынға Нұрбек Оралбай салды. Ол шешуші кезеңде қытайлық қандас Тоқтарбек Таңатқанмен жұдырықтасты. Қазақ ұлдары бұған дейін өзара бірнеше мәрте кездескен. Бұл жолы қарсыласын әбден зерттеген Нұрбектің қанжығасы майланды.

Командалық есепте Өзбекстан бірінші, Қазақстан екі, үздік үштікті Ресей Федерациясының құрамасы түйіндеді. Ел құрамасының қоржынында 5 жүлде бар. Тарих бетіндегі толағай табысымыз қайталанды. 2013 жылы Алматыда өткен Әлем біріншілігінде жерлестеріміз 4 алтын алған еді.

Айбек Намазбаев


Хабарламаларға жазылу