Жазушылар одағының жаңа төрағасы сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушылар одағының жаңа төрағасы сайланды

12.05.2023

Алматыда Қазақстан жазушыларының XVI құрылтайы өтіп, оған өңірлерден келген 500-ден астам қаламгер қатысты. Жиында облыстардағы филиал мен жазушылар одағының басқарма мүшелері бекітіліп, жаңа төраға сайланды. Қазақстан жазушылар одағының құрылтайы бес жыл сайын өтеді. Құрамында мыңға жуық ақын-жазушысы бар қаламгерлер құрылтайына биыл 500-ден астам делегат келді.

Қазыбек Иса, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл сайлауда болған адам бүкіл халық күткендей ең алдымен шығармалары шынайы болсын. Ең басты менің аталап ететінім осыдан 100 жыл бұрын Алаш асылдары көрсетіп кеткен, ұлттық мүддені қорғауда ұлттық орда болуы керек.

Жиын басында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі президенттің құттықтау сөзін жеткізді. Содан кейін Одақты бес жыл басқарған Ұлықбек Есдәулет қаламгерлер алдында есеп берді. Өңірлердегі филиал басшылары мен бекітілген басқарма мүшелерінің саны 102-ден 106-ға көбейді. Олар күн тәртібіндегі басты мәселе - Жазушылар одағының төрағасын жабық түрде дауыс беру арқылы сайлады.

Дулат Исабеков, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері:

Төраға іскер болуы керек. Жақсы ақын жақсы әрине, жұрт алдында беделі бар. Баспалармен жұмыс істейтін іскер адам керек. Ол үшін баспаның тілін, құпиясын білу керек. Қандай баспалармен жұмыс істеу керек, контракт жасаудың жолын білетін адам керек.

Бір сағаттық талқалаудан кейін, одақтың басқарма мүшелері бір ауыздан Мереке Құлкеновті одақ төрағалығына лайық деп тапты. Жаңа лауазымға ие болған жазушы, журналист алдағы бес жылға арналған жоспарын айтты.

Мереке Құлкенов, Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы:

Қазақстан жазушыларының жағдайын жақсарту. Олардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасау. Олардың көңіл күйлерінің, әлеуметтік жағдайларының ешкімнен кем болмауына сонымен қатар Қазақстан жазушыларының қаламақысының көбейтілуіне жұмыс істейміз.

Одақ төрағасының сөзінше, бүгінгі таңда қарапайым халық пен ақын, жазушылар арасындағы байланыс үзіліп қалған. Осы мәселені шешу, қазақ қаламгерлерін шетелге таныту және 100 жылға жуық тарихы бар Жазушылар одағының беделін көтеру басты мақсат.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу