Әскерге барып келген азаматтар жоғары оқу орнында тегін оқи алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскерге барып келген азаматтар жоғары оқу орнында тегін оқи алады

06.05.2023

Әскерге барып, тегін білім ал. Енді Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтар жоғары оқу орнында тегін оқи алады. Оларға биылдан бастап грант бөлінеді. Бір қызығы, Ұлттық біріңғай тестілеу кезінде жинаған балл есепке алынбайды. Сонымен бірге, сарбаздың несиесін төлеуге де жеңілдік қарастырылған. Дегенмен, қойылатын талап жоғары.

Асылбек Данияр, тілші:

Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтар енді өзі қалаған мамандықта тегін білім ала алады. Олар еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орнының бірін таңдауға құқылы. Биыл талапкерлерге бөлінген грант саны 3000-ға жуықтайды.

Оқуға іріктеу 4 талап бойынша жүзеге асырылады. Олар: жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі; тәртібі; тәуліктік нарядта қызмет атқару барысында арнаулы міндеттерді орындауы және психологиялық жағдайды бағалау. Мұндай студенттер үшін шәкіртақы қарастырылмаған. Өйкені, бұл мемлекеттік грант емес, университет есебінен білім алу. Егер, университетте бос гранттар болса, студенттің оқу үлгерімі жақсы болса, мемлекеттік грантқа ауысуы мүмкін. Тек осындай жағдайда ғана стипендия ала алады. Жалпы, мерзімді әскери қызметі аяқталғаннан кейін екі жыл ішінде азамат жоғары оқу орнына түсуі керек.

Жоғары оқу орнына ақылы негізде, Ұлттық біріңғай тестілеу тапсырмай түсу жағы да қарастырылған. Ол үшін е-gov немесе ХҚКО-да мерзімді әскери қызмет өткергені туралы анықтама алып, басқа құжаттармен бірге өзі таңдаған оқу орнына ұсынуы қажет. Бұдан бөлек, әскерде болып келген азаматтар оқу орнының әскери кафедрасына емтихансыз, тегін қабылданады. Жобаға барлық күш құрылымдарының өкілдері қатысады. Бұл ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскери қызметке ынталандыру жөніндегі тапсырмасы негізінде қолға алынды.

Сондай-ақ, әскерге шақыру жасындағы жастар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау қарастырылған. Коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге жеңілдік, несиені 13 айға кейінге қалдыру сынды. Қысқа-нұсқа осы. Ұсынған дерегіміз қажетіңізге жарасын.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу