Қызылордада қатты желден бірнеше ғимарат шатырсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қатты желден бірнеше ғимарат шатырсыз қалды

05.05.2023

Кешелі бері еліміздің оңтүстік аймақтарында қатты дауыл соғып, тұрғындарды әбігерге түсірді. Әсіресе, Түркістан облысында желдің салдарынан бірнеше елді-мекен жарықсыз отыр. Ал Кентау қаласында мектеп шатыры ұшып, бір мұғалім зардап шекті. Ол аулада кетіп бара жатқан сәтте шатырдың бір бөлігі басына түсіп, ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жалпы сегіз аудан мен үш қалада дауыл әлі басылар емес. Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мұнан бөлек 3 мыңға жуық абонент электр энергиясынан ажырап қалды. Оны қайта қосу үшін 12 бригада жұмылдырылып, 65 адам басы-қасында жүр.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық тжд бастығының орынбасары:

Түркістан, Кентау қалаларында және Бәйдібек, Созақ, Түлкібас аудандарында тоғыз ғимараттың шатыры зақымдалып, жартылай және толық бұзылып, нәтижесінде 2725 текше метрі бүлініп отыр.

Шымкентте де, қолайсыз ауа-райынан бүгін 1 мен 8 сынып оқушылары онлайн оқыды. Екі мөлтек ауданда тұрғындар жарықсыз қалып, үзілген электр желілерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ қатты желден көшедегі ағаштар құлап, автокөліктерді басып қалған. Ал Қызылорда облысында дауылдың екпіні секундына 27 метрге жетіп, аймақта бес бірдей ғимаратқа зақым келген. Шаһарда көпқабатты екі тұрғын үй мен жер үйдің шатыры ұшса, Сырдария ауданында спорт кешен мен Шиеліде аграрлық-индустриялық колледж шатырсыз қалды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу