Қытаймен визасыз тәртіп орнаса, тауарлар бағасы арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытаймен визасыз тәртіп орнаса, тауарлар бағасы арзандауы мүмкін

05.05.2023

Визасыз тәртіп енгізілсе, Қытайдан келетін тауарлар бағасы арзандауы мүмкін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының болжамы осындай. Тараптар келісімге келсе, саудагерлер айына бір рет Қытайға еш кедергісіз қатынап, жүктерін тасымалдай алады. Тауарды делдалдың көмегінсіз-ақ сапалы, әрі арзан бағада жеткізуге мүмкіндік туады. Ал бұл процесс әсіресе, пандемия кезінде қиындады. Қытайдан тапсырыс берген тауарлар 2-3 айлап шекарада тұрып қалды. Оның үстіне, бүгінде визасы бар жүк тасымалдаушылар санаулы ғана. Олар соны пайдаланып, жүкті жеткізу үшін кәсіпкерлерден қыруар қаржы сұрайды екен.

Талғат Оспанов «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің сарапшысы:

Визаларды жүргізушілерге алу өте қиындық туғызады. Уақыттың созылуы және алу құны өте үлкен. Кейбір кездері 300-400 мыңға дейін жетеді. Соны қолданып, визасы бар тасымалдаушылар шекарадан тасымалдау бойынша бағаның құнын 1 жарым мың долларға дейін көтереді. Визасыз жол жүру мемлекетімізге үлкен мүмкіндік береді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу