Ұлыбритания ханшайымы қазақстандық экологқа халықаралық сыйлықты табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания ханшайымы қазақстандық экологқа халықаралық сыйлықты табыстады

04.05.2023

Ұлыбритания ханшайымы Анна қазақстандық экологқа халықаралық Уитли табиғатты қорғау қорының сыйлығын табыстады. Альберт Сәлемгареев еліміздегі ақбөкен популяциясын сақтауға қосқан үлесі үшін арнайы грантқа ие болды.

Альберт Сәлемгареев ақбөкендерді зерттеумен 15 жылдан бері айналысып келеді. Батыс Қазақстандағы киіктердің оралдық популяциясын сақтаудағы еңбегі зор. Халықаралық байқауда әлем бойынша алты жас көшбасшының қатарында үздік деп танылып отыр.

Альберт Сәлемгареев, Қазақстанның биоалуандылығын сақтау қауымдастығының жетекші маманы:

Жобамның мақсаты – жайылым мен суға таласқан киіктер мен үй жануарларын зерттеп, өзара қақтығыстарын болдырмау. Халықты жұмыла жұмыс істеуге шақырып, ұсыныстарымызды мемлекетке жеткізу.

Марапаттау рәсімінде лауреаттарға сыйлықты қор меценаты, Ұлыбритания ханшайымы Анна табыстады. Жеңімпаздар өз жобаларын дамыту үшін 40 000 стерлинг фунты, яғни шамамен 22 млн теңге көлемінде грантқа ие болды.

Анна, Ұлыбритания ханшайымы:

Өз орталарында жағдайды жақсы жағына өзгертуге кірісіп, шынымен де бүкіл күш-жігерін жұмсап жүрген жандарға шексіз ризамыз. Бұл оңай жұмыс емес.

Ақбөкеннің әлемдік популяциясының 95 проценті Қазақстанда мекендейді. 17 жыл бұрын браконьерлік пен бақылау жоқтығының нәтижесінде олардың саны бұрын-соңды болмаған 50 мыңға дейін төмендеп кеткен болатын. Өткен жылы жүргізілген санаққа сәйкес киіктердің саны 1 млн 300 мыңнан асып, өсім тенденциясы байқалған.


Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу