Алматыда автотұрақтар мемлекетке қайтарылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда автотұрақтар мемлекетке қайтарылып жатыр

03.05.2023

Алматыда жеке меншік компанияларға жалға берілген ақылы автотұрақтар қалалық әкімдіктің қарамағына қайтарылып жатыр. Қазір тұраққа арналған 1400-ден астам жер учаскесін қайта рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрақтардан түскен миллиондаған қаржы қаланы абаттандыруға жұмсалмақ.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жол жиегінде қаз-қатар тізілген көліктер. Алматының кез-келген көшесіне бас сұқсаңыз осындай көрініске куә боласыз. Бұған түсіністікпен қарауға болады. Өйткені, шаһарда көлік көп, тұрақ аз. Дегенмен, осы сынды автотұрақтарда тиісті ережелер сақтала бермейді дейді, тұрғындар.

Бұл Абай даңғылы мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан автотұрақтар. Көлігіңізді 10 минутқа қойсаңыз да ақы төлейсіз. Бір қызығы, төлемді QR код немесе арнайы қосымша арқылы емес, қолма-қол жасау керек. Жүргізушілерден ақша жинап жүргендердің айтуынша, күніне екі рет жауапты адам келіп, жиналған қаражатты алып кетеді екен. Тұрақ кімге тиесілі екенін өздері де білмейді. Қала тұрғыны Ернұр Әубәкіров 5 жылдан бері көлік жүргізеді. Оның сөзінше, жеке кәсіпкерлер тұрақтың бағасын өз қалауларынша өзгертіп, кейде заң бұзуға дейін де барады.

Ернұр Әубәкіров, қала тұрғыны:

Ол не ғимараттың адамы емес, не әкімдіктің адамы емес. Түсініксіз кімге ақша төлеп жатқанымыз. Бағалары да жаман. Келіп қойып кетсең де, жай ғана аялдасаң да ақша сұрайды.

Бұл бей-берекетсіздікті реттеу үшін әкімдік жеке компанияларға 7 жылға жалға берілген 1 мың 494 жер учаскесін мемлекетке қайтару жұмыстарын бастады. Бұл жаңалықты жүргізушілер құптап отыр. Десе де, бұл автотұрақтар әкімдік меншігіне өтсе, төлем құны қымбаттауы мүмкін дейді сарапшылар.

Талант Тайнов, «Алматы паркинг» МК директорының орынбасары:

Қазір зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол бойынша анықталады қай аумақта қанша теңге болғаны жөн. Қазір сағатына 100 теңге. Әрі қарай Ерболат Асқарбекұлы атап өткендей қыркүйекте жаңа баға ұсынылады.

Автосарапшылардың сөзінше, автотұрақ ақысының қымбаттауы қаладағы тұрақ жетіспеушілігі мәселесін шешуге сеп болуы мүмкін.

Алексей Алексеев, сарапшы:

Қаладағы ақылы коммуналдық тұрақтардың басым бөлігі шамадан тыс толып кетеді. Өйткені, бағасы арзан. Сағатына небәрі 100 теңге. Бағаны 200-250 теңгеге қымбаттса мәселені жартылай шешуге болады. Бұл барлық дамып жатқан елдерде қалыптасқан жүйе. Сондықтан біз де байқап көруіміз керек.

Қаладағы коммуналдық тұрақтарға небәрі 12 мың көлік сияды. Сондықтан алдағы уақытта қосымша учаскелер бөлінбек. Ал, жалға берілген тұрақтарды толық мемлекетке қайтару жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу