АҚШ-та инфляция: Қымбатшылықтан халық шығынын қысқартуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та инфляция: Қымбатшылықтан халық шығынын қысқартуға мәжбүр

03.05.2023

АҚШ-та инфляция дес бермей тұр. Сондықтан қарапайым халық үнемдеуге көшкен. Ал Федералды резерв жүйесі бағаны төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені оныншы рет көтермек. Бірақ бұл экономика өсімін кері әсері бар. Жүздеген мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. АҚШ-тан меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлының материалы. 

Жалғас Сәдібекұлы тілші:

Былтыр қырық жылда болмаған құнсызданудан зардап шеккен Америка осы кезге дейін инфляцияны екі есеге жуық азайтып үлгерді. Қазір 4.7%. Десе де бұл көрсеткіш соңғы он айдан бері азаймай тұр. Елдің ұлттық банкі бір жыл ішінде несиенің базалық мөлшерлемесін тоғыз рет өсірген. Алайда, мұның өзі құнсыздануды тежеуге жеткілікті болмай тұр.

Қалтаны қаққан қымбатшылық, тауар бағасының тұрақты өсуі тұтынушыларды “тарта жесе тай қалады” деген ұстанымға көшіріп, шығындарын күрт азайтуға мәжбүр етті. Америкалықтар автомобиль, жиһаздар және тұрмыстық техника сатып алуды тоқтатқан. Қаржыны негізінен коммуналдық қызметтерді төлеу секілді күнделікті қажеттіліктеріне жұмсауды құп көрсе керек».

Ирина, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

Алдыңғы жылы жүз долларға екі апта күн көруге болатын еді. Қазір сол ақшаға алған тамағын әрі кетсе төрт бес күнге жетеді. Мысалы нанның бағасы қазір бес алты тіпті жеті доллар тұрады. Бұрын соның тең жартасы болатын.

Исрофил Набиев, Нью-Йорк Қаласының тұрғыны:

Соңғы екі жылда бәрі өсіп кетті. Азық түлік те жанармай да қымбаттады. Амал жоқ үнемдеуге тура келеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Еңбек министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, жалақы бірінші тоқсанда бес пайызға өскен. Бұл компанияларға тауар бағасын тағы да көтеруге себеп болуы мүмкін деп алаңдап отыр федералдық резерв жүйесінің өкілдері. Яғни, инфляцияны екі пайыздық деңгейге дейін түсіруге үлкен кедергі болмақ.

Сондықтан Ұлттық банк несиенің базалық ставкасын оныншы рет өсірмек. Бірақ, сарапшылар бұл сайып келгенде кәсіпорындарды тұралатып, он млн америкалықты жұмыстан айырады әрі елді рессецияға түсіреді деп отыр.

Джордж Калхун, Стивенс технологиялық институтына қарасты Бизнес мектебінің профессоры:

Баға күрт құбылса рецессияға себеп болады. Ал, қалыпты жұмыс істеп тұрған экономиканың классикалық психологиялық қыры ол қаржы жүйесіне сенім. Егер ірі банк құласа онда сенімге селкеу түседі. Халық жаппай ақшасын шығарып алып, көрпесінің астында ұстаса экономикаға үлкен соққы болар еді.

Жалғас Сәдібекұлы тілші:

Ақпан, наурыз айларында баға 0,1%-ға ғана өскен. Бұл өткен жылдың шілдесінен бергі ең аз өсім. Мұны сарапшылар жақсы белгі деп отыр. Бірақ жылдық инфляцияның баяулауы бензин бағасының төмендеуімен байланысты болды. Яғни, құбылмалы жетістік. Жанармай құны қайта өссе бүкіл секторда баға шарықтап шыға келуі мүмкін.


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу