Бір топ мәжілісмен бүгін блогерлер мәселесін көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір топ мәжілісмен бүгін блогерлер мәселесін көтерді

03.05.2023

Блогерлер ақпараттың рас-өтірігін тексермей, елдің берекесін бұзып жүр. Ал енді бірі «оңай олжа табамын» деп бір-біріне жала жабудан тайынбайды. Бір топ мәжілісмен бүгін блогерлерге заңмен жауапкеркершілік жүктеу мәселесін көтерді. Айтуларынша, желіде оқырманы көп белсенділердің кесірінен отандастарымыз тіпті шетелге құлдыққа кетіп жатыр. Бүгінде ел алдында жүрген әнші де, актер де, қоғам белсендісі де блогер. Оның ішінде миллиондап оқырман жинап, лицензиясы болмаса да, курс үйретіп, табыс тауып жүргендері қаншама. Кейбірі машина мен үйді ұтысқа қойып, ақша таратады. Депутаттар танымалдылығын пайдаланып, өзіне назар аударту үшін «хайп» қуып кеткен блогерлер көбейді дейді. Мәжілісмендер қаржы пирамидасының қаулап кетуіне де осы блогерлер кінәлі деген пікірде. Жарнамаға сеніп, үй-күйсіз қалғандар мен «алаяққа алдандым» деп өз-өзіне қол жұмсағандарды да еске салды. Одан қалды, жалған ақпарат таратып, елді адастырып жүр деді депутаттар.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» ХДПП фракциясы жетекшісі:

Біз сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Ол қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар, әрине, ойына келгенін істейді.

Кезінде ақпаратты тексермей жариялағаны үшін талай мәрте сынға ұшыраған Дәулет Мұқаев әріптесінің сөзін қолдап отыр. Инста парақшасында 2 млн оқырманы бар депутат бұрын блогерлерге өзім де алданғанмын дейді.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мынандай да блогерлер бар да. Сториске салады да, мына сілтемені бассаң, қазір саған 20 минутта 100 мың теңге ақша түседі деп букмекерлер сияқты құмар ойындары бар ғой, соларды жарнамалаған талай жұлдыздарды көрдім. Бірақ, өкінішке қарай, жауапкершілік жоқ оларда.

Ал 100-ден астам блогердің парақшасына жауапты медиа компания өкілдері интернет арқылы табыс тауып отырғандарды салық төлеуге міндеттеуде.

Фахруз Тоқтасынов, медиа компания директоры:

Қазір Ресейде салық төлемеген блогерлерді ұстап, жауапқа тартып жатыр. Біздің блогерлер де соған келуі керек. Қазір бірге жұмыс істейтін блогерлерге соны міндеттеп жатырмыз.

Фейсбук желісінде белсенді Сәбит Рысбаев «блогерлерді шектеу – адам құқығын шектеумен тең», сондықтан заңға өзгеріс енгізбес бұрын оны жан-жақты талқылау қажет деп отыр.

Сәбит Рысбаев, Блогер:

Айя Мүтәлі, тілші:

Яғни сарапшылар БАҚ туралы заңды қайта қарау кезінде блогерлерге жауапкершілік жүктейміз деп, журналистерді де шектеп алуымыз мүмкін деп қорқып отыр. Депутаттың сауалы премьер-министр мен Бас прокуратураға жолданды. Тиісті органдар бір айдың ішінде жауап беруі тиіс.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу