Тұрғын үй басқарудағы текетірес. Елімізде 1 шілдеден бастап пәтер иелері кооперативі қызметі тоқтады. Тұрғындар арасында КСК аталып кеткен жүйеден кейбірі бас тартуға асықса, енді бірі жаңа реформада шикілік көп дейді. Әсіресе, 2 миллионнан астам халқы бар Алматыда бұл мәселе өзекті болып отыр. Жаңа тұрғын үй кешенінде тұратын Ерік Көптаев қордаланған мәселе көп дейді. Үйдің тазалығы мен түрлі шаруаларына пәтер иелері кооперативі жауапты. Алайда жауапсыздығынан шаршаған тұрғындар бұл жүйеден бас тартпақшы.
Ерік Көптаев, қала тұрғыны:
Қанша ақша түсіп жатыр, пәтер иелері кооперативі қайда жіберіп жатыр, жиналыс жасап тұрғындарымен, есеп бермейді. Ондай ПИК керегі жоқ. Сондықтан мүлік иелері бірлестігіне өтсек деген ойымыз бар.
Ал Шұғыла ықшам ауданындағы мына он алты үй бір жыл бұрын мүлік иелері бірлестігіне өткен. Енді опық жеп отырмыз дейді ашулы жұрт. Себебі, бұрын жасалған жұмыстың бәрі тоқтап, керісінше қиындықтар туа бастаған.
Қуаныш Битов, қала тұрғыны:
Ешқандай қол жинаған жоқ, ОСИ-ге өтіп кеттіңіздер деді. Мына жердің жұмысының бәрін өзіміз істейміз. Дворниктар келмейді. Мүлік иелері бірлестігінің жұмысына көңілім толмайды.
Назира Байыспаева, қала тұрғыны:
Үш жыл пәтер иелері кооперативінде болдық. Бағалары мүлік иелері бірлестігі келгелі екі есеге өсіп кетті. Мүлік иелері бірлестігінен өз еркімізбен бәріміз бас тартып, пәтер иелері кооперативіне қайта оралғымыз келеді.
Тұрғын үйлерге жауапты мүлік иелері бірлестігіне хабарластық. Басшылығы қызмет көрсететін басқа компания деп сылтауратты. Енді шарасыз күйге түскен мыңдаған тұрғын қол жинап, басқару нысанын ауыстырамыз деп отыр. Алматы еліміздегі тұрғын үй қоры ең көп шаһар. Мегаполисте 9 мыңға жуық көппәтерлі үй бар. Оның ішінде 7 мыңнан астамы басқарудың жаңа формасына көше алады. Қазірдің өзінде 1300 кешен меншік иелері бірлестігіне өтсе, 4700 үй жай серіктестікті таңдаған. Жаңа ереже бойынша елімізде пәтер иелері кооперативі 1 шілдеден бастап қызметін толық тоқтатуы тиіс.
Дастан Маусымбаев, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:
МИБ пен бұрынғы ПИК-тің арасындағы сотқа жүгіну мәселелері өте жиі. Бұрынғы істеген ПИК дейміз ол заң түрінде жаңа МИБ. Жаңа қарапайым серіктестік сол басқару органдарына құжаттың бәрін өткізіп, ары қарай оны тарату керек.
Мамандардың сөзінше, «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасы бойынша жұмыс істейтін жобаның жағымды жағы көп. Десе де, тұрғындардың талабы қандай басқару жүйесі болса да, сапалы қызмет көрсетілсе дейді.
Айгүл Жартыбаева, қала тұрғыны:
Кім, мысалы, жүргізсе де, нақты тұрғындардың мәселесін шешетін, ұсыныстарына назар аударатын сондай компания келсе болды. Мысалы, бұл МИБ кетіп, басқасы қатыра ма дейді.
Бұған дейін реформадағы шикіліктерді Президент те сынға алған. Сондықтан алматылықтар енді сең қозғалып, тұрғын үйді басқаруда оң өзгеріс боларынан үмітті.
Жазира Оразқызы