Ертіс өзені биыл тасыған жоқ: Экологтар неден қауіптенеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертіс өзені биыл тасыған жоқ: Экологтар неден қауіптенеді?

26.04.2023

Жылда осы уақытта арнасынан асып төгілетін Ертіс өзені биыл тасыған жоқ. Себебі, Шығыстағы Үлбі мен Шүлбі су қоймалары көктемде босатылуға тиіс судың көлемін азайтып жіберген. Мәселен, секундына үш мың текше метр су жіберілу керек болса, қазір 500 текше метрге азайған. Бұл қарт өзенді қапталдай жайлаған Павлодар облысы тұрғындарына түрпідей тиіп отыр. Сондықтан осы аймақтан сайланған депутаттар Экология министріне арнайы сауал жолдады.

Жарқынбек Амантай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Экологиялық жүйені бұзуға алып келуі де мүмкін. Одан бөлек жалпы осы өзенді бойлай орналасқан ауылдардағы шабындықтың тиісті деңгейде суарылмай қалуына, тиісті деңгейде қажетті сумен қамтамасыз етілмей қалуына әкелуі мүмкін. 

Ертіс жайылмаса жиектегі бес бірдей ауданның тұрғындары шабындықтан шөп дайындай алмайды. Балық инспекциясы шағын көлдердегі уылдырық қурап кетеді деп дабыл қағып отыр. Экологтар бұл тіптен жаман нышан дейді.

Жарқын Қабдолов, ихтиолог:

Таяз су болмаған соң балықтар табиғи жолмен уылдырық шаша алмай қалады. Ал уылдырық шашқан күннің өзінде оның шабаққа айналып, өсіп, өнуіне қиындық туындайды. Содан Ертіс өзеніндегі балықтар азайып кетуі мүмкін.

Материал эфирге дайындалып жатқан кезде Астанаға арнайы келген Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану , қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева шабындықтардың 70 пайызына су жайылатындығын хабарлады. Мәселе Экология министрлігінде өткен шұғыл кеңесте шешіліпті.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу