Зеренділіктер ауыз суға зәру: Бюджеттен бөлінген миллиардтар қайда кеткен?
Зеренділіктер де ауыз суға зәру. Ақмола облысында оннан астам ауыл тіршілік нәрінен тарығып отыр. Мемлекеттен миллиардтар бөлініп, тендерді ұтып алған компаниялар белгіленсе де, су құбырын жүргізу созылып келеді. Ал жергілікті билік халыққа су берудің орнына мердігермен соттасып жүр.
Алексеевка ауылдық округінде екі мыңға жуық адам тұрады. Елдімекен тұрғындарының басым бөлігіне тіршілік нәрі белгіленген уақытта ғана берілсе, қалғандары ауыз суды облыс орталығынан тасиды. Ауылға су құбырын жүргізу жұмыстары осыдан 3 жыл бұрын басталған. Оған мемлекеттік бюджеттен 360 миллион теңге қаржы бөлініпті. Алайда, жобаның аяқталу мерзімі екі рет кейінге шегерілген. Мұнда барлығы автоматтандырылған түрде болуы керек. Алайда, су сорғыш станциясына электр энергиясы қосылмағандықтан қызметкерлер су құбырларын өздері бақылауда ұстайды. Онымен қоймай, жаңа желілер әлі де іске қосылмапты. Ал ескілерінің әбден тоз-тозы шыққан.
Ал мердігер мекеменің өз уәжі бар. Серіктестік өкілі жұмысқа қажетті техникаларға шетелден тапсырыс бердік, бірақ олар уақытында келіп үлгерген жоқ,-дейді. Сондықтан жобаны жүзеге асыру мерзімі де өтіп кеткен көрінеді.
Дмитрий Навохатский, Мердігер мекеменің өкілі:
Жұмыстың тоқтап қалу себебі бар. Өйткені қажетті техника елде болған жоқ. Сондықтан оған шетелден тапсырыс бердік. Алайда оны шекарадан шығару кезінде біраз қиыншылық туып, кәсіпорын мүлдем жабылып қалды. Жұмысты мамыр айында қайтадан бастаймыз.
Бүгінде әкімдік пен мердігер мекеме соттасып жатыр. Дегенмен, жергілікті билік ауыз су құбырына жауапты осы компаниямен өзара келісімге келген. Жұмыс осы жылдың қыркүйек айына дейін толығымен аяқталады,-дейді олар.
Рүстем Жұмабеков, Зеренді аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Мердігер компания жобаны уақытында тапсырып үлгермегеннен кейін жұмысты толығымен аяқтауға тағы уақыт берілді. Олар техникалық жағынан кеткен ағаттықтардың барлығын қалпына келтіріп, су құбырларын толығымен жүргізіп беруі тиіс. Мердігер ұйым мұның барлығымен келісіп отыр.
Жергілікті билік мәселе шешіледі дегенімнен халық оған күмәнмен қарап отыр. Өйткені құрылысы үш жылдан бері аяқталмай тұрған су құбырларын бірнеше айда қалыпқа келтірудің өзі оңай емес дейді тұрғындар.
Ұмсындық Наурызбаева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы