Атырау облысындағы тұрғындар лай су ішуге мәжбүр
Өңірлерде қордаланған мәселе көп. Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы ауылдар таза ауыз суға жарымай отыр. Елді мекендердегі стансалар әбден тозған. Осының салдарынан тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындардың күні тасымал суға қарап қалған. Оның өзі лай, сапасы сын көтермейді.
Сарайшық елді мекеніндегі су тазарту стансасының жөндеу көрмегеніне 10 жылдай болды. Нысанның техникалық базасы әбден ескірген. Ауылға су айдайтын маңызды 3 қондырғы істен шыққан. Қазір мекеме тасымалмен ғана амалдап отыр. Жайықты жағалай қонған ауылда 3 мыңнан астам тұрғын мен он шақты әлеуметтік нысан бар. Бәрі лай сумен күн көреді. Таза суды сатып алу қалтаға салмақ салады.
Екі мыңнан астам тұрғыны бар Сарытоғай ауылында да жағдай мәз емес. Қазір мұндағы су тазарту қондырғыларының төртеуі де тоқтап тұр. Бұған басты себеп – баптау қондырғысының істен шығуы. Ал оны жөндейтін ауданда бірде бір маман жоқ. Тозығы жеткен станса кәсіпкерді де тығырыққа тіреген. Құрылғылар жиі бұзылады. Оны ауыстыру қып-қызыл шығын. Бұрынғыдай субсидия да жоқ.
Сарытоғай мен Сарайшықтан бөлек, тағы жеті ауылда су сағаттап беріледі. Әкімдік тозған стансалар мен ауылішілік құбырлар бастан-аяқ қайта жаңғыртылады дейді.
Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:
15 су тазарту қондырғысын қайта жөндеуден өткізу үшін қаржы бөлінді облыстан. Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжат жасақталып жатыр. Смета біткеннен кейін, нақты құны анықталып, содан кейін жөндеу жұмыстары атқарылатын болды.
Сарайшықтағы жанып кеткен су айдау қондырғысына тапсырыс берілді. Ал Сарытоғайлықтар тоқтап қалған техниканың тілін білетін маман іздеп жатыр. Әкімдік алда стансаларды орталықтандырып, мәселені жаңадан құрылған мемлекеттік кәсіпорын арқылы шешеміз деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы