Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш егу туралы тапсырмасы орындалмай, қайта екі жылға кешігіп жатыр. Құзырлы орган бұған орман шаруашылығы мекемелерінде трактор тапшылығын, материалдық-техникалық базаның тозғанын айтып, сылтауратады. Ал тұрғындар жаңасын отырғызбақ түгілі, былтыр егілген тал-теректің де күтілмей, қурап, тіпті оталып жатқанына наразы. Мәселені әріптесім Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.
Қаланың Зачаган кентіндегі Сарытау шағынауданында соңғы үш жылда 6 мыңға жуық көшет егілген. Бірақ көбі күтімсіз қалып, көктемей тұр.
Тілек Бақтыгереев, қала тұрғыны:
2020-21-22 жылы еккен теректер қазір өсіп жатқан жоқ. Жыл сайын қарап өтемін, егілген теректер қурап қалады.
«Көктем» шағынауданында тоғайдың қақ ортасын отап, құбыр өткізген. «Жобаны өзгертіп, желіні басқа жолмен апаруға болар еді»,- дейді экология сақшысы. Бұл аумақта «бір тал кессең, он тал ек» деген міндет те орындалмай тұр.
Нұрлыбек Рахманов, сарапшы:
Бір ай бұрын ұзындығы 500 метр, ені 8 метрдей тоғайды түгел қырып тастады. Оның орнына су құбырын тартып жатыр. Саратов трассасының бойындағы 3 шақырымдық тоғай түгел жоқ боп кетті. Жалпы үлкен қалалардың айналасындағы орман-тоғай стратегиялық обьект болуы керек. Оны отауға болмайды.
Облыста президенттің 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш егу туралы тапсырмасы да орындалмай, екі жылға кешігіп жатыр. Жоспар бойынша бес жылда өңірде 57 млн түп тал егіп, 21 мың га жерді жасыл желекпен көмкеру керек. Тұқымбақта да отырғызатын дайын көшет жоқ.
Дәуренбек Сахым, эколог:
Атқарушы органдардың жұмысына көңіліміз толмайды. 2 млрд деп айтылса президенттен, олар оны орындауы тиіс. Ал қалай орындайтынын мен түсініп отырған жоқпын.
Құзырлы орган жоспардың орындалмауына орман шаруашылықтарындағы техниканың тапшылығы мен тозуы себеп дейді.
Қуанышқали Есімов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Биылғы жылы облыс бюджетінен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 52 бірлік әртүрлі техника мен құрал-жабдық сатып алуға 801 млн теңге қаражат бөлінді.
Қала әкімдігі биыл Сарытауда егілген тал-теректі күтіп-баптауға 190 млн теңге қаржы бөлініп, бақылауға алынатын жеткізді. Ал оталған тоғайдың жанына жаңа демалыс орны салынбақ. Бұған жергілікті бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат қаралған.
Ардақ Мұратқызы